420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда мереке қарсаңында ардагерге құрмет көрсетілді

  • 383
  • UPD: 21:19, 03.05.2020

Отыз жылға жуық құқық қорғау саласында қызмет атқарған 86 жастағы Павлодар қаласының тұрғыны Виктор Алеутдиновтың өмірі көпке үлгі, деп хабарлайды «Хабар 24»

Ардагер «Ішкі істер саласының үздігі» атанып, үш дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарын кеудесіне тақты. Мереке қарсаңында қызметіне адал, еліне абыройлы жанды өңірдегі қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері арнайы келіп құттықтады.

Виктор Алеутдинов қылмыстық атқару жүйесінде табаны күректей 27 жыл еңбек еткен. Ол он жыл бойы № 67 мекемеде басшылық қызмет атқарды.  Ал түзету мекемесіндегі жазасын өтеушілер мұнай өңдеу, химия зауыты сынды облыс орталығындағы ірі нысандардың құрылысына тартылды. Сонымен қатар Новосібір, Омбы, Славгородтағы қорғаныс зауыттарымен әріптестікте  жұмыс істеді. 

Виктор Алеутдинов, еңбек ардагері:

– Менің қол астымда 100 офицер, 2 мыңнан астам жазасын өтеуші және 400 ерікті жалдамалы жұмысшы құрамы болды. Біз үздік нәтижелерге жету үшін еңбек еттік. Колонияда кәсіби училище, жалпы білім беретін мектеп бар еді. Омарташылықтан бастап, механизатор, комбайнер сынды көптеген кәсіби мамандарды даярладық.

Ішкі істер саласының ардагері, подполковник Виктор Алеутдиновтың балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа тұс келді. Ер-азаматтар жаппай  майданға аттанғанда бұғанасы бекімеген жас балалар тылдағы ауыр еңбекке араласты.

Виктор Алеутдинов, еңбек ардагері:

– Біз мектепте оқығанда отын тапшы еді. Киіммен отыратынбыз. Сия мұз болып қатып қалатын. Дәптер, кітап, сия тапшы еді. Соған қарамастан оқудан қол үзбедік. Ал  5 сыныптан бастап отын дайындау, масақ теру басқа да ұсақ жұмыстарға атсалыстық. Азық-түлік жағынан қиындық көрдік. Біздің ауылда 70 адам аштан өлді. Көпшілігі балалар еді. Бірінші денелері ісіп кететін. Соғыс адамдарға үлкен қасірет әкелді.

Ресейдің Новосібір облысында туып өскен Виктор Алеутдинов 1956 жылы жары Кавияны кездестірді. Соғыстың ауыр азабы оның да жүрегіне өшпес із қалдырған.

Кавия Алеутдинова, В.Алеутдиновтың жары:

– Мен соғыстың ащы дәмін бала күнімнен таттым. Әкем майданға кеткенде анам 7 баламен жалғыз қалды. Қолымызда бір сиырымыз ғана болатын. Ол 42-43 жылдар. Жоқшылық шегіне жеткенде төрт бауырым бірдей аштан өлді. Бес күнде төрт ұлдан айырылып қалдық. Тірі қалған үш қыздан қазір мен жалғызбын.

Виктор Васильевич Новсосібір педагогикалық институтын бітірген соң отбасымен Павлодарға қоныс аударды. Отбасы екі ұл тәрбиелеп өсірген.  Өзін құттықтап келген әріптестеріне ол ерекше хоббиін көрсетті.  Жасы 86-ға келген қария  аңшылықты серік еткен. Осы тақырыпқа бірнеше кітап та жазыпты. Оның айтуынша, аңшылық ақылды талап етеді. Таза ауа, тамылжыған табиғат адамға қуат беріп шығармашылыққа баулиды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы