426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мақтаарал ауданында 22 мыңнан астам адам эвакуацияланды

  • 447
  • UPD: 22:19, 03.05.2020

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында кешелі-бері 22 мыңнан астам адам эвакуацияланды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Онға жуық ауылды су басты. Өткен түнде аудан орталығы Мырзакентке сарқынды судан қауіп төніп, 12 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Тасқын судан 620 үйге зақым келіп, 3600 гектар алқап су астында қалды. Қазір келген шығын көлемі анықталу үстінде. Күндіз-түні оқиға орнында жүрген өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев бүгін төтенше жағдай жөніндегі штаб отырысын өткізді. Ол тасқын судан зарап шеккен халыққа көмек те, жан-жақты қолдау да көрсетілетінін жеткізді.

Өткен түнде Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент ауылына сарқынды судан қауіп төнді. Сирена соғылысымен ауыл тұрғындарын бірден көшіру басталды. 12 мың адам қауіпсіз жерге жеткізілді. Бір мезетте 7-8 мың адам Атакент, Асықата кенттеріне тасымалданды. Төтенше жағдайға байланысты ауданда 18 эвакуациялық орындар нақтыланып, олар Атакент, Мақтарал, Жамбыл елді мекендерінде әзірленді. Оқшаулар орындарына 7 мың адам орналасты. Апаттан құтқару жұмыстарына 68 автобус, 630 құтқарушы мен 2 су көлігі және 56 техника жұмылдырылды. Жалпы өңірде 10-ға жуық ауылды су басты. Бүгін «Өргебас» елді мекеніндегі 1500 адамнан бөлек, 3 мыңдай тұрғын көшірілді. Кеше бес жарым мыңай тұрғын эвакуацияланған болатын.

Бейсен Тәжібаев, облыстық жедел штабтың мүшесі:

– Су көлемін анықтау, бақылау жұмыстары жүргізілуде. ТЖД мамандарыңның айтуынша, түнгі сағат 12-де арнайы белгілер қойылған. Бүгін таңғы сағат 8-дегі есептеу бойынша су бір қалыпты тұр. Ендігі кезекте осы жұмыстарды шұғыл ұйымдастыра отырып, келесі қауіп төнуі мүмкін ауылдарды анықтау, немесе судың беті қайтқан жағдайда материалдық шығындарды анықтау жалғасады.

Сарқынды су ауданындағы төрт елді мекенге жайылып, 620 үйге зақым келді. Атап айтар болсақ, Жаңа тұрмыста- 46, Жеңісте -130, Фирдоусиде -250 және Өргебас елді мекенінде 194 үй су астында қалды. Көшірілген тұрғындар ыстық тамақ, жатын орынмен қамтылған.

Адалат Назарова, Жаңа тұрмыс ауылының тұрғыны:

– Бәрімен қамтамасыз етіп жатыр. Үкіметке рақмет, бәрімізге жылы орын, төсек беріп жатыр. Жайғастырды ғой бәрімізді. Ешкім далада қалып жатқан жоқ.

Темірлан Жұмашев, Жеңіс ауылының тұрғыны:

– Түстен басталып, түнгі 3-4-ке дейін сонда болдық. Ауданнан, құтқару тобынан келді. Барлығына рақмет. Апат айтып келмейді ғой. Ауылда үйлер қирады біраз, мал қырылды. Осының бәріне ел болып, құтқарып жатыр. Таңға жақын ауылды тастап шықтық қой.

Қазір ауыл шаруашылығы саласына тасқын судан келген шығын көлемі есептеліп жатыр. Бұл жұмыстармен арнайы құрылған жұмысшы тобы айналысады. Мамандардың айтуынша, қазірдің өзінде 3600 гектардан астам ауыл шаруашылығы дақылдарының су астында қалып, зардап шеккені анықталды. Алдын ала болжам бойынша шығын көлемі 404 млн теңгені құрап отыр. Су астында қалған егістік алқаптың 85 пайызы мақта, қалғаны жоңышқа мен жүгері. 7 елді мекеннен 3115 іріқара, 1101 жылқы, 585 қой мен 34 түйе көшірілген. Барлық шығынды толық есептеуге сарқынды су мұрша бермей жатыр дейі маманар.

Тұрғанбек Оспанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Қазір анықтап айта алмауымыздың себебі, екі ауылдық округті су басып кеткен. Толық айта алмай отырмыз. Түстен кейін зерделеу, анықтау жұмыстарын жүргіземіз.

Бүгін полицейлер су басқан «Өзгеріс» ауылын аралау барысында тізесінен жарақаттанып, жүре алмай қалған жас жігітті құтқарды. Ал кеше кешкісін Фирдоуси ауылының тұрғындарын көшіру барысында төтенше жағдай қызметкерлері белгісіз «ысылдаған» дыбысты естіген. Анықтап барып қарағанда судың ішінен тек кішкентай мұрын ғана көрінген. Тарта келе, оның бұзау екені анықталып, құтқарушылар жануарды батпақтан шықты. Сондай-ақ бүгін өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев жедел штабтың отырысын өткізді. Онда зардап шеккен халыққа жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Көмектің ауқымды болатынын ескертіп, тиісті сала басшыларына тапсырма берді. Шығынға батқан ауыл тұрғындарына өтемақы төлеу, тұрғындарды азық-түлікпен қамту, тұрғын үйлерге келтірілген залалдың мөлшерін анықтауы тапсырды. Одан бөлек қауіп төніп тұрған ауылдарға бөгет салуы жүктеді.

Сәкен Қалқаманов, облыс әкімінің орынбасары:

– Екі ауылы мекен Жетісай ауданында қауіп бар. Бірақ үйлері су басып жатқан жоқ. Тұрғындарды көшіруге қауіпсіз орындар табылды. Егер қауіп болса адамдарды жарты сағатта біз көшіреміз. Қазір Жетісайың әкімдігі дамбы салып, суды тоқтатып тұр.

Айта кетейік, Мақтааралға алғашқы гуманитарлық көмек жолға шықты. Жақынына жылуын жинап, көмекке асыққан Жамбыл облысы әкімдігінің 30 тоннадан аса азық-түлік тиелген керуені киелі Тараздан Мақтааралды бетке алды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы