419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында құс фабрикасы іске қосылады

  • 664
  • UPD: 22:20, 03.05.2020

Маңғыстау облысының тұрғындары биыл жергілікті тауық етін тұтынатын болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақтағы алғашқы ірі құс фабрикасының құрылысы осы жазда аяқталып, іске қосылады.

Кәсіпорында жылына 5 мың тонна өнім өндіріліп, өңірдің құс етіне деген қажеттілігінің тең жартысын өтемек. Азық-түліктің 90 проценті сырттан тасымалданатын аймақ үшін бұл зор жетістік.

Түпқараған ауданында салынып жатқан құс фабрикасы құрылысының 80 проценті аяқталды. Жем зауыты, құс сою цехы мен инкубатор орталығы дайын. Тауықтарға арналған 16 қораның да шатыры жабылды. Ираннан жеткізілген қажетті құрал-жабдықтар құрастырылып жатыр. Қазір құрылыс басында 60 адам еңбек етуде. Кәсіпорын іске қосылған соң 120 адам тұрақты жұмысқа орналасады. Инвестициялық жобаның құны – 4,5 млрд теңге.

Серік Қалдығұл, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Біздің қызметімізге инфраструктурасын тартып беру кіреді. Тоқ, су, газ бойынша құрылыс жұмыстары басталып кетті. Алғашқы қаражатын жергілікті бюджеттен бөліп, жұмыстарын бастап кеттік. Тоқ мәселесі бойынша қалған сомасы, 90 процентін «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасымен қаржыландырылады. Екінші газ мәселесі бойынша, конкурс берілді. Май айында оның да жұмыстарын бітіреміз деген жоспарымыз бар.

Құс фабрикасы іске қосылған соң, аймақ халқының 1 жылдық қажеттілігінің 50 процентін өтемек. Осылайша облыс тұрғындары жергілікті өніммен қамтылады. Ал әзірге Маңғыстауға тауық еті сырттан, Қостанай облысы мен Алматы қалаларынан және өзге елдерден тасымалдануда. Бүгін де оңтүстіктен бірнеше тонна тауық еті жетті. Өңір басшылары азық-түлік қорын молайту үшін жуырда қазынадан 683 миллион теңге бөлген. Қазір қоймада 266 тонна құс еті, 200 мың дана жұмыртқа мен әлеуметтік маңызға ие тауарлардың екі айға жететін қоры бар. Сондай-ақ 39 тонна қант, 5 тонна сүт, бес-бес тоннадан тұз бен сиыр еті жолда келе жатыр.

Бақытжан Қашақов, облыс әкімінің орынбасары:

– Бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру мақсатында қарыз беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ірі кәсіпкерлерге. Онда бізде қазір көтерме саудамен айналысатын 9 ірі кәсіпкер анықталды. Оларға бөлінген ақшадан 275 млн теңге қаражат берілді. Ол ақшалар  айналымда жүреді. Яғни, берілген ақшаны сатып алып келеді де, сатады да қайтадан сол тауарларды алып келуге жұмыстанады.

Ас атасының да бағасын тұрақтандыру үшін жергілікті бюджеттен 270 млн теңге бөлінді. Нан өндірушілерге бидайдың бір келісі 96, ал бірінші сұрыптағы ұнның бір келісі 130 теңгеден сатылуда.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы