419,87 505.95 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысында бірнеше кәсіпорын өндіріс көлемін арттырды

  • 422
  • UPD: 08:00, 04.05.2020

Ақмола облысында азық-түлік өндіретін бірнеше кәсіпорын елдегі төтенше жағдайға қарамастан, өндіріс көлемін арттырып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, өңірде өсімдік майы 36, ет 32, сүт 8, ал, ұн өндірісі 22 процентке артқан. Бұған әлбетте сұраныстың көбеюі себеп. Атап өтейік, аймақтағы кәсіпорындардың басым бөлігі іргедегі ірі нарық саналатын елорданың сауда сөрелерін қамтамасыз етуге жұмыс істеп келеді.

Бұл қаладағы сүт зауыттарының бірі. Әдетте күніне 90 тоннаға дейін сүт өңдейтін кәсіпорын жақында жаңа желіні іске қосу арқылы тәулігіне қосымша тағы 50 тонна сүтті өңдеп, одан сүт, айран және қаймақ секілді өнімдер өңдемек. Көкшенің брендіне айналған балмұздақ та осында өндіріледі. Зауыт басшылығының айтуынша, биыл жазға қарай оның да түрі көбейеді.

Әсен Жақсылықов, сүт зауытының бас директоры:

– Енді бізде ұсақ қаптамалардағы балмұздақ болады. Бұрын біз тек келілеп және үлкен ыдыстармен сататынбыз. Енді кішкенелерінен де бірнеше түрін шығаратын боламыз. Бұл тұтынушыларға өте ыңғайлы.

Жаңа желі іске қосылса, шикізат та қажет. Сондықтан зауыт ауылдардан сүт қабылдауға дайынбыз дейді. Кәсіпорын қазірдің өзінде шикізат тапшылығын сезініп отыр. Айтуларынша, қыстыгүні өндіріс ошағы 40 процентке қана жұмыс істеген. Ал салаға жауаптылар бұл мәселеден хабардар екендерін айтады.

Хасым Итқұсов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Жалпы облыстағы сүт зауыттарының жүктемесі қазір 62 процент. Биыл бұл көрсеткішті 70 процентке жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін аудан, ауылдарда сүт-тауарлы фермалар іске қосылады.

Шаһардағы минералды сулар өндіретін зауыт та, карантин кезінде өндіріс көлемін төмендетпеуге тырысып келеміз дейді. Нарықтың сұранысын қанағаттандыру үшін олар жақында тәтті сусындардың бірнеше жаңа түрін шығара бастаған. Осылайша жалпы өнім 10-15 процентке артқан. Ал зауыт негізінен сусынның 40 шақты түрінен ай сайын 1 жарым млн бөтелке өндіреді.

Станислав Максимец, зауыт директоры:

– Ал жаңа өнімнен нақты қанша көлемде шығаратынымыз әзірге белгісіз. Оны енді сұраныс көрсетеді. Ал тұтынушылардың көңілінен шығу үшін барымызды саламыз.

Жалпы аймақта бүгінде азық-түлік тауарларын өндіріп отырған ірілі-ұсақты 100-ге жуық өндіріс ошағы бар. Олар қазір өңірді ғана емес, елорда мен көрші облыстарды да қамтамасыз етіп келеді. Енді кәсіпорындардың алдындағы басты мақсат – карантиннен аман шығып, пандемиядан кейінгі жаңа экономикалық кезеңге дайын болу.   

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы