426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мырзакент пен Ақжол ауылының тұрғындары өз үйлеріне оралатын болды

  • 358
  • UPD: 23:04, 04.05.2020

Бүгінге дейін Мақтаарал ауданындағы су басқан елді мекендерден 31 мыңнан астам адам эвакуацияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көшірілген азаматтарды жайғастыратын 22 орын әзірленген. Тұрғындардың дені Атакент ауылы аумағындағы оқшаулау орындарына жайғасқан. Мұнда ауыл тұрғындарына үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Барлығы жылы киім, таза төсек орынмен қамтылған. Табиғи апаттан зарап шеккен Мақтааралдықтарға көмек қолын созғысы келетін азаматтар көбеюде.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Мақтааралға алғашқы гуманитарлық көмек бүгін Жамбыл облысынан жетті. Әулиеаталық кәсіпкерлер қызыл судан зарап шеккен түстіктегі ағайынға 10 тонна ұн, 10 тонна күріш, 5 тонна қант, 1 тонна қарақұмық, 2 тонна сұйық май, 2 тонна макарон және 5 тонна гигиеналық заттар жіберген. Бас-аяғы 10 миллион теңгеден астам демеушілердің есебінен жиналған көмек қызыл судан зардап шеккен азаматтарға үлестіріледі. Жамбылдықтар көмек мұнымен тоқтап қалмайтынын жеткізді.

Нұржан Календияров, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:

- Оның ішіне Жамбыл облысы кәсіпкерлерінің демеуімен жиналған 30 тонна азық-түлік тауаларлары, 10 мыңнан астам киім-кешек, тосек жабынылары, қажетті тауарлары алып келіп отырмыз. Азда болса көмек, мынау зардаптың арты жақсы болсын деген ниеттеміз.

Былтыр ғана техногенді апатты бастан өткерген Арыстықтар мұндай жағдайды жақсы түсінеді. Жергілікті халық өзері қажетті азық-түлік қорын жасақтап, бүгін түс ауа Мақтааралға жеткізді. Сөйтіп, аудандар арасында қолдауды бірінші бастады.

Бақтығали Ділдәбеков, Арыс қаласы әкімінің кеңесшісі:

- Біз қазір 13 жүк көлігімен заттар алып келдік. Ол азық-түлік, киім-кешек, көрпе-төсек, гигеналық заттар. Сонымен қоса, 20-дай жеңіл көліктермен әкелдік. Сондай-ақ 30 ерікті келді. Қазір Арыста да қосымша ұйымдаран, мекемелерден, жеке азаматтардан азық-түлік жиналып жатыр.

Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев қиын кезде ешкім көмексіз қалмайтынын, халыққа жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты. Жауапты сала басшыларына ең алдымен көшірілген халыққа әлеуметтік көмек көрсетуі және өтемақы төлеу үшін шығын көлемін анықтауы тапсырды. Қырылған мал мен қираған үйлердің санын және зақымданған кәсіпкерлік нысандар мен су шайған жолдардың шығынын есептеуі жүктеді. Бүгінге дейін ауданда бес ауылды су басты. 10 ауылдан 31 мыңнан астам адам көшірілді. 631 үй су астына қалды. Апаттан құтқару жұмыстарына 986 адам, 4 қайық, 180 дана техника тартылған. Көшірілген тұрғындардың бәрі арнайы орындарға жайғастырылып, ыстық тамақ, жылы киіммен қамтамасыз етілуде.

Серік Тілеубаев, Жеңіл ауылының тұрғыны:

- Бұл бір апат болды ауылға келген. Коронавирус болып жатыр еді, ешқайда шыға алмай. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, оның үстіне ауылы су басып жатыр. Ауылда ешкім қалған жоқ. Мына мектепке әкелді.

Тағы бір жақсы жаңалық, бүгін аудандағы 5 елді мекенді су басу қаупі сейілді. Төтенше жағдайлар департаменті, «Қазсушар» және ауыл тұрғындарынан құралған волонтерлер бөгет салу арқылы 5 ауылды аман алып қалды. Оның ішінде 14 мыңнан астам халқы бар Мырзакент те бар.

Сәкен Қалқаманов, облыс әкімінің орынбасары:

Сонымен қатар көрші Жетісай ауданының Қоғалы ауылындағы автомобиль жолының бойында ұзындығы 500 метрден асатын бөгет салынды. Ол жерге 6 мың дана құм толы қап жеткізілі. Қазір нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған 649 адам, 15 техника, 30 құтқарушы және 600-ен астам волонтер жұмылдырылды.

Айта кетейік, соңғы деректерге сәйкес, эвакуациялық бекеттерге Мырзакент пен Ақжол ауылының тұрғындары өз үйлеріне оралатын болды. Облыстық төтенше жағдайлар штабы аталған елді мекендерде тасқын судан келетін қауіптің жоқтығын анықтаған. Су басу қаупіне байланысты 10 ауылдан көшірілген 31 мың халықтың 17 мыңы – Мырзакент пен Ақжол ауылының тұрғындары. Қазір ауданда елді құтқару, көшірілген азаматтарды жайғастыру, жапа шеккен тұрғындарға көлмек көрсету жұмыстары басты назарда. Қиналған жұртқа қолдау білдіріп, қол ұшын созамын деген қайырымды жандар үшін облыс әкімдігі жанындағы «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры жұмыс істейді. Қажетті қаржыны қордың есепшотына аударуға да болады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы