423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарлықтар облыс орталығы гүлмен безендірілмей қала ма деп алаңдайды

  • 405
  • UPD: 09:47, 05.05.2020

Ертіс өңірінің жұртшылығы облыс орталығы гүлмен безендірілмей қала ма деп алаңдайды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Себебі былтыр жұмыстар кешеуілдеп, декоративті өсімдіктердің сапасы төмендеп кетіп еді. Бос жатқан гүлзарлар мен ұсқынсыз көгал халықтың көңіліне қаяу түсіргені анық. Экологтар бұл мәселе бойынша дабыл қағып, жауапты мамандарға өтініш білдіруде

Облыс орталығында жыл сайын 15 мың шаршы метр жерге декоративті өсімдіктер егіледі. Оның 450 мың данадан астамы – гүлдер.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Ертіс өңіріндегі ең ірі жылыжай кешенінде осындай әсем гүлдердің 20-дан астам сұрыбы өсіріледі. Былтыр компания өз тарихында алғыш рет Павлодар қаласын безендіру жұмыстарына қатыса алған жоқ. Мәселені шешуге жергілікті тұрғындар мен кәсіпорындар атсалысты. Олар өз қаражатына өсімдіктердің басым бөлігін сатып алған.

Баяғы жартас сол жартас. Мәселе биыл да қайталанды. Ондаған жыл бойы қала көшелерін абаттандыратын ұйым биыл да осындай күйде. Қазіргі уақытта 600 мыңға жуық гүлді халыққа сатуға мәжбүр. Себебі тендерден ұтылып қалды.

Сергей Добровольский, кәсіпорын жетекшісі:

– Жұмысымызға карантин де әсерін тигізді. Жұмыскерлеріміз көршілес ауылдарда тұратындықтан, уақытша жұмыс істеген жоқ. Бұған қарамастан, жылдағы жоспарымызды орындадық.

30 жылдық тәжірибесі бар кешен мамандары мыңнан астам жас көшет еккен. Енді бұл ағаштарды да халыққа сатпақ.

Ал биолог мамандарды гүл мәселесі алаңдатып отыр. Былтыр шаһарда 500 шаршы метрлік аумаққа раушан гүлдер егілген. Бірақ күтім жағы кенже қалған. Баптау жұмыстары дереу қолға алынбаса, өсімдік қурап кетуі әбден мүмкін.

Людмила Вольф, биология ғылымдарының докторы:

– Сұрыпты раушан итмұрынмен бірге егілді. Осындай технология сақталса, раушан жақсы өседі. Десе де, көріп тұрғанымыздай, гүл күтім көрмеген. Өсімдікті тез арада қиып, баптау қажет.

Гүлзарларды суару жұмыстары да кешеуілдеген. Мәселен, «Қаз қонақ» табиғи ескерткішінің маңындағы бұл газонға су құйылмапты. «Гидроегу» әдісі қолға алынса, көк те ерте шығары анық.

Татьяна Пономарева, эколог:

– Өткен жылғы шөптің астында кішкентай өскіндер бар. Тез арада суару керек. Күтім жасалмаса, бюджет қаражатын далаға шашқандай боламыз. Уақыт өткізіп алмау керек.

Қаланы көгалдандыру тендері екі лот бойынша жарияланды. Биыл екі мердігер ұйым анықталды. Сала мамандары ешқандай мәселе туындамайды деп сендірді.

Арман Құсайынов, қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:

– Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша «Ерекше таңдау» корпоративтік қоры мен Павлодар қаласының құлағы нашар еститін азаматтар қоры жеңімпаз атанды. Олар гүл егумен айналысады. Биыл гүлдің 15 мың данасы мен мы шаршы метрге жуық газон саламыз.

Карантин режимі салдарынан ағаш егу мерзімі де шегерілді. Мамандардың айтуынша, жасыл желек екі кезең бойынша салынбақ. Бірақ сапасының қандай боларына кепілдік жоқ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы