424.28 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысында 546 млн теңгенің тәркіленген тауарлары таратылады

  • 347
  • UPD: 17:57, 05.05.2020
Жамбыл облысында 546 млн теңгенің тәркіленген тауарлары таратылады

Жамбыл облысында мұқтаж және аз қамтылған тұрғындарға облыстық экономикалық тергеу департаменті контрабандашылардан тәркілеген тұтыну тауарларын таратады.

Олардың ішінде 546 миллион теңгенің 530 түрлі атаулы киімі, төсек-орын жабдықтары және басқа да тауарлар бар.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтың айтуынша, тауарларды іске асыру тетігі пысықталып, оларды үлестіру бойынша адамдардың санаттары анықталған.

«Ең алдымен, әлеуметтік мекемелер – балалар үйлері, қарттар үйлері, психоневрологиялық және өзге де аурулармен ауыратындарға арналған интернат үйлеріндегі қызмет алушылар іріктелді. Сонымен қатар, бұл тізімге облыстағы аз қамтылған азаматтар мен АӘК алушылар, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған тұрғындары да енгізілген», – деп атап өтті Баубеков.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Тараз қаласы мен аудандарда бұл көмекке мұқтаж адамдардың тізімі әзірленген. Аз қамтылған халық арасында тауарлардың бөлінуін бақылау тікелей жергілікті әкімдерге жүктелген. Олар осы істе бұзушылықтарға жол берілмеуіне жауапты болады.

Сондай-ақ Ж.Баубеков тәркіленген тауарларды тарату акциясына облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы да тартылатынын атап өтті. Салалық басқарма тауарларды Тараз қаласы мен аудандарда жұмыс істейтін әлеуметтік дүкендері арқылы таратуға ниетті. Жастар басқармасы қазірдің өзінде 109 мың дана тауарға өтінім берген.

Айта кету керек, тәркіленген тауарлардың бір бөлігі – 10 мың жаңа тауар 3 мамыр күні азық-түліктермен бірге су тасқынынан зардап шеккен көршілес Түркістан облысына жіберілген.

Хабар 24 телеарнасы