426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордалық 45 құтқарушы Түркістан облысына көмекке аттанды

  • 308
  • UPD: 20:01, 05.05.2020
Қызылордалық 45 құтқарушы Түркістан облысына көмекке аттанды

Сап түзеп жолға шыққан жеке құрамның 7 техникасы, 4 моторлы қайығы бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар 14 күнге жетерлік азық-түлік пен жанар-жағармай қорын алған. Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты құрылым бұған дейін арқа мен теріскейде су тасқынын болдырмау шараларына қатысады деп жасақталған еді. Күш-құралдарын ұдайы дайындықтан өткізіп отырған топ енді оңтүстіктегі ағайынға қол ұшын созады. Жасақ құрамына Сырдарияны сағаттап жүзген үздік сүңгуірлер мен бірнеше су тасқыны зардаптарын жою операцияларына қатысқан тәжірибелі мамандар іріктеліп алынды. Сыр құтқарушылары Мақтарал мен Жетісай жұртын тасқыннан арашалау барысында кез келген тапсырманы орындауға әзір екендіктерін жеткізді.

Нұрсұлтан Ибрагимов, облыстық ТЖД өрт сөндіру авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы:

– Үлкен көлемде су сору жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар эвакуациялық тасымалдау жұмыстарына куб вахтовка автокөлігімен бірге жүзу қайықтары орнатылған УАЗ автокөліктерін жұмылдырып отырмыз. Қызметкерлердің дайындықтары жоғары деңгейде. Бізге қойған тапсырманың барлығын толыққанды орындап шығуға дайынбыз.

Хабар 24 телеарнасы