Жаhандық індетпен күресіп жүрген 45 мың медицина қызметкеріне 14,7 млрд теңге үстемеақы төленеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Басқарма төрағасының орынбасары Марат Шоранов мәлімдеді.
Марат Шоранов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» басқарма төрағасының орынбасары:
– Біз мониторинг жүргіздік. Қосымша қаражат бөлінгенде, бірнеше мәселелер пайда болды. Наурыз айында бірнеше азамат жүйеге енбей қалған. Бұл шамамен 83 миллион теңгені құрайды. Олар сәуір айының есебінен ескеріледі.
Басқарма төрағасының айтуынша, алдымен медициналық ұйым басшысы қызметкерлердің деректерін арнайы жүйеге енгізуі тиіс. Яғни, тізімдерді жергілікті денсаулық сақтау басқармасы мен Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы тексереді. Әрі қарай қызметкерлердің тізбесі аумақтық комиссияға жіберіледі. Содан кейін тізімдер әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түседі.