423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде абаттандыру жұмыстарына 300 адам қажет

  • 362
  • UPD: 21:04, 05.05.2020

Ақтөбеде төтенше жағдайға байланысты жұмыссыз қалған тұрғындар қаланы абаттандыру ісіне тартылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларға 70 мың теңге көлемінде тұрақты жалақы төленеді. Дегенмен ниет білдіруші азаматтар аз. Ал көріктендіру жұмыстарына 300 адам қажет.  

Бірнеше ай бойы үйде отырған Мәншүк Бердалықызы тұрақты жұмыс тапқанына риза. Қала аумағында жарияланған карантинге орай бұрыңғы қызмет орны жұмысын тоқтатқанда, табыссыз қалатыны әбден қынжылтқан еді. Уайымға толы ауыр күндердің енді артта қалғанына қуанышты.           

Мәншүк Бердалықызы, қала тұрғыны:

– Екі ай жұмыссыз қалдым, наурыз-сәуір айларында. Қазір жұмыспен қамту орталығының арқасында хабарласып, осында қабылдандым. Қазір жағдайым жақсы. Талдарды көгалдандыру, ақтау, бояу, қала тазалығымен айналысамыз.

Қаланы көріктендіру ісі жыл сайын көктемде басталып, жаз бойы көгалданған алаңдарды күтіп-баптаумен жалғасады. Биыл бұл жұмысқа 300-ге жуық адам тарту көзделген. Оның арасында, жұмыссыз ретінде есепте тұрған жандарға қарағанда, төтенше жағдайға байланысты тұрақты табысынан айырылған азаматтарға басымдық беріліпті. Бірақ әзірге бел шеше кіріскені 20 адамға да жетпейді. Бұл өз кезегінде санитарлық тазалау, абаттандыру жұмыстарымен айналысатын мердігер компанияларға да теріс ықпалын тигізген.

Наурызбек Сәрсембин, мердігер ұйымның өкілі:

– Мамандардың көбісі жұмыспен қамту бөлімі арқылы келеді. Агрономдар жетіспеушілігі болады. Өйткені абаттандыру үшін оның қасына бір шебер, бір басшы керек. Сондай-ақ бізде 10-20 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан аға-апалар бар. Олар өз жұмыстарын сүйіп істейді.

Ал жергілікті атқарушы орган өкілдерінің айтуынша, тұрақты жұмыс ұсынылған адамдардың көбі түрлі сылтау айтып, бас тартқан. Есесіне біржолғы болса да, әлеуметтік төлем алғанды жақсы көреді дейді олар. Мәселен, төтенше жағдай режимі жарияланғалы бері қала бойынша алты мыңнан астам адам ақысыз демалысқа кеткен. Оның арасында, қызметтері тоқтап қалған ұйымдардың жұмысшылары мен жеке кәсіпкерлер де бар. Тиісінше, оларға 42 500 теңге көлемінде төлемақы тағайындалған.

Мақпал Тұрмағамбетова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

– Заң аясында бұрын он күн бойы күтетін болса, қазір төтенше жағдайға байланысты бір күн ішінде тіркеліп, біздегі бар жұмыс орындарын ұсынамыз. Бірақ заңды түрде ол азаматтардың жұмыс істегісі келмейтіні. Себебі олардың бір ғана айтатын уәжі бар. Бір ай бойы сіздердің төлейтін жәрдемақыларыңызды біздер күтіп отырғымыз келмейді. Біздерге күнделікті табыс керек дейді. Әрине, ол дұрыс емес. Қандай да бір азаматқа жұмыс керек болса, жұмыс берушімен екі ортада келісімшарт болуы керек.

Қоғамдық жұмыстардан бөлек, алдағы айда Ақтөбеде құрылыс жасақтары мен «Жасыл ел» жобасы бастау алмақ. Қос бағытқа жүздеген жанды жұмылдыру жоспарланып отыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы