423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да биыл тұқым шаруашылығы ерекше қарқынмен дамымақ

  • 317
  • UPD: 09:53, 06.05.2020

Шығыс Қазақстан облысында биыл тұқым шаруашылығы ерекше қарқынмен дамымақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені аталған салаға мемлекет тарапынан бөлінген субсидия мөлшері артты. Осылайша, элиталық тұқым сатып алуға кеткен шығынның 70%-і өтеледі. Бұл елдегі астық көлемін молайтуға ерекше ықпал етпек. Мәселен, өлкедегі ірі ауылшаруашылық кешені осы қолдаудың арқасында тұқым көлемін 29%-ке арттырған екен. Осылайша, оны өткізу орындары да көбейген.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Глубокое ауданындағы бұл ауылшаруашылық кешені негізінен тұқым өсірумен айналысады. Бұл холдинг елдегі диқандарды сапалы да, жоғары сұрыпты өнім беретін тұқыммен қамтамасыз етіп отыр. Ақылбек Бақытбеков қазір, міне, сапарға әзірленуде. Ол мына қап-қап бидайды аймақта асыға күткен шаруаларға бүлдірмей әрі уақтылы жеткізуі тиіс.

Шаруашылық осы көктемде 7 мың тонна тұқым өткізіпті.Бұл өткен жылмен салыстырғада бір жарым есеге артық. «Жаңа рекордқа мемлекеттік қолдау арқасында қол жетті», - дейді бұндағылар. Өйткені бұдан былай элиталы сұрыптарды сатып алу тиімді.

Фарид Абитаев, ауылшаруашылық холдингінің бас директоры:

- Германия мен Франциядан әкелеміз тұқымды, осы жерде өсіреміз. Содан соң жергілікті шаруаларға сатамыз. Одан өскен егінді сатып алып, қайтадан шетелге өткіземіз.

«Өнім сапасын тұтынушылар жоғары бағалап жатыр», - дейді шаруашылық иелері. Оған себеп те бар. Бұндағы егін шығымы ел бойынша орташа мөлшерден 5 есе артық деуге болады.

Фарид Абитаев, ауылшаруашылық холдингінің бас директоры:

- Бізде соңғы бес жылда бір гектардан 43 центнер өнім алып келеміз. Ал жаздық бидайдан 50-55 центнер алсақ, күздік бидайдан тіпті 90 центнтерден жинаймыз. Өтімі де жаман емес. Өзге облыстардан тіпті Ресей сияқты көршілес елден сұраныс жақсы.

Ресейліктер талап алатын дәнді дақылдарға бастапқыда жергілікті өсімдік өсірушілер күдікпен қарапты. Дегенмен, соңғы кездері тұқымның тиімділігіне көз жеткізе бастаған. Оның үстіне мемлекет тарапынан бөлінген субсидия жер емген диқандарға ерекше серпін бермек.

Владимир Гайламазян, ШҚО ауылшаруашылық басқармасы басшысының м. а.:

- Биыл тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінбек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40%-ке артық деген сөз. Яғни, өте жақсы қолдау.

Жалпы өлкеде жыл сайын егін егу үшін 100 мың тоннаға жуық дәнді және бұршақ дәнді дақылдар қажет екен. Олардың сапасы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде тегін тексеріледі. Биыл көктемде салынған тұқымның 91%-і 1-2 санатқа жатқызылған.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан.Төлепов, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы