422.97 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында соңғы тәулікте COVID-19 дертіне шалдыққандар саны күрт өсті

  • 593
  • UPD: 12:28, 06.05.2020

Маңғыстау өңірінде коронавируспен күресте алғы шепте жүргендердің денсаулығы жіті назарда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргі төтенше жағдай режимінде дәрігерлер, әскерилер мен полицейлер, журналистер тынымсыз еңбек етіп жүр. Олардан бөлек, аймақта төтенше жағдай тәртібін үйлестіруші штаб мүшелері де аптасына екі рет диагностикалық сынамалар тапсырып, денсаулығын тексертіп жатыр. Алайда, шалғай облыста соңғы тәулікте COVID-19 дертіне шалдыққан адамдар саны күрт өсті.

Осы өңірдегі тілшіміз Талғат Исламұлы қазір бізбен тікелей байланыста.

Диктор:

- Талғат армысыз, сіз жақта шектеу шаралары сәуір айының соңында бәсеңдетілген еді, індет жұқтырушылардың көбеюіне сол себеп емес пе?

Талғат Исламұлы, тілші:

- Жоқ, олай деуге ешқандай да негіз жоқ. Иә, 29 сәуірден бастап аймақта жекелеген кәсіпкерлік нысандары өз жұмысын бастады. Яғни, шаштараз, көлік жуу орындары, автосалондар мен ауданы 500 шаршы метрден аспайтын дүкендерге таңғы 09:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жұмыс жасауға рұқсат берілді.

Тігін шеберханалары мен ұялы телефон жөндеу қызметін ұсынатын объектілердің көшеге бөлек шығатын есігі болуы керек. Талапқа сәйкес келетіндері қазір ашық тұр. Бұдан басқа қаладағы екі ірі сауда орнының, яғни супермаркеттердің жұмысы қалыпты деңгейге ауыстырылды. Тұрғындарды тағы бір қуантқан тұсы - күндізгі сағат 10-12 және кешкі 5-8 аралығында үй ауласында жаттығу жасауға болатындығы.

Талғат Исламұлы, тілші:

Ендігі кезекте COVID-19 дертіне шалдыққан адам санының өсуіне келсек. Кешегі күннің өзінде 11 азаматтан вирус табылды. Екеуі Ресейге барып келген ақтаулықтар. Қалғаны вахталық әдіспен жұмыс істейтін Жаңаөзен мен Бейнеу ауданының тұрғындары. Яғни, аурудың ошағы іштен шыққан жоқ. Басқа аймақ не елге барып келгендер жұқтырып әкелуде. Сынама нәтижесі теріс шыққан науқастар дереу оқшауланып, емдік шараларды қабылдап жатыр.

Сәкен Мелдебаев, аймақтық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің СБ департаментінің бөлім басшысы:

- Соңғы күндері Маңғыстау облысында коронавируспен тіркелген адам саны 13,8%-ке өсті. Бұл әзірге еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш. Науқастардың барлығы да ауруды сырттан жұқтырып келген. Біз 27 сәуір мен 1 мамыр аралығында Атырауда вахталық әдіспен жасайтын 700-ге жуық жұмысшыны күтіп алғанбыз. Арасындағы 12 маңғыстаулықтан вирус табылды. Сондай-ақ Ресейден оралған екі студент те емдеу орнына жатқызылды. Алгоритм бойынша басқа аймақтан немесе елден келгендер бірден обсервациялық орындарға жіберіледі. Сол жерде белгілі бір уақыт бақылауда болады.

Талғат Исламұлы, тілші:

Басын қатерге тігіп, күндіз-түні қызметте жүрген мамандардың өзі ауру жұқтырып алмасына кепілдік жоқ. Біздің өңірде бес полицейден COVID-19 анықталды. 40 жастағы бір әскери қызметші қайтыс болды. Ол қала көшелеріне микроб жойғыш ерітінді шашу жұмыстарына қатысқан еді. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, біздің түсіру тобымыз да диагностикалық сынама тапсырды. Шүкір, шыққан нәтиже теріс.

Сонымен Маңғыстау облысында дертке шалдыққандар саны 88-ге жетті. Тағы 10 адам жазылып шықты. Күні кеше аймақ әкімі қауіпті індет аяқталғаннан кейін де той-садақа жасауға боларын айтып, халықты сақтық шараларын күшейтуге шақырған болатын. Демек, жайбырақаттыққа салынуға әлі ерте.

Хабар 24 телеарнасы