418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мақтааралға ТЖ зардабын жою үшін өңірлерден техника жіберілді

  • 240
  • UPD: 20:21, 06.05.2020

Бүгін премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Мақтаарал ауданына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет басшысының орынбасары су басқан ауыл тұрғындарымен кездесіп, оларға Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізді. Сондай-ақ бүгін сарқынды судың деңгейі төмендей бастады. Әсіресе, Жаңатұрмыс елді мекенінде 17 сантиметрге дейін түсті. Ал Жеңіс, Өргебас ауылдарында 14 сантиметрге дейін азайды. Өңірдегі ахуал туралы тілшіміз тарқатады.

Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр мақтааралдықтармен кездесуінде «Ел Президенті қызылсудан зардап шеккен бір де бір мақтааралдық көмексіз қалмайтынын айтты», – деді. «Сол себепті, сіздерден тек түсініктік танытуды сұраймын. Үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі. Президент Үкіметке Өзбекстандағы су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан су басқан ауылдардың тұрғындарына жан-жақты материалдық көмек көрсетуді тапсырды», – деді премьер-министрдің орынбасары. Мақтааралдағы төтенше жағдайға байланысты арнайы үкіметтік комиссия құрылған болатын. Оны Роман Скляр басқарады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен құрамында орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары бар жұмыс тобы Жаңа тұрмыс, Жеңіс, Фирдоуиси, Өргебас, Достық ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Комиссия шұғыл түрде шығын көлемін есептеуге кірісті. Ең алдымен инженерлік, көлік, әлеуметтік инфрақұрылым қолға алынады. Сосын қираған үйлер қалпына келтіріледі.

Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімі:

– Үй, мүлік мәселесі. Сіздер мүлік кетті деп айтасыздар. Түсінікті. Әр адамның мүлкін сіздер де дәлелдей алмайсыздар, бізде сене алмаймыз. Сондықтан біз Арыстағыдай әр адамға өтемақы төлейміз. Қанша болатынын комиссия шешеді. Одан кейін мал мәселесі. Малды мамандармен бірге шығынын есептеп, малдың бәрін өтеп береміз. Егіс мәселесі, мақта, көкөніс пе? Қанша шығын кетті оны да өтеп береміз. Қазір судың астында тұрған 1 мың, оны 2 айда мәселесін шешеміз.

Одан кейін комиссия мүшелері көмекке келген Өзбекстан мемлекетінің өкілдерімен кездесті. Су астында қалған ауылдарды тазалауға көрші елден келген 50-ге жуық техника жұмылдырылды. Айта кетейік, бүгін Мақтаарал ауданындағы сарқынды судың деңгейі төмендей бастады. Әсіресе, Жаңатұрмыс елді мекенінде 17 сантиметрге дейін түсті. Ал Жеңіс, Өргебас ауылдарында 11 ден 14 сантиметрге дейін азайған. Бірнеше күннен бері қызыл сумен алысып жатқан мамандар бұндай өзгеріс өңірдегі Арай ауылында да байқалғанын айтып отыр. Сондай-ақ атқарылған қыруар шаруаның арқасында сарқынды су Шұғыла ауылындағы коллекторда 5, Нұрлы жол ауылы маңындағы каналда 8 см дейін төмендеген.

Мақтааралға қосымша күш тартылды

Түркістан облысының Мақтаарал ауданына Жамбыл және Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан қосымша күш барды. 150 адам, 22 техника, 35 мотопомпа, 9 қайық төтенше жағдай зардабын жоюға жұмылдырылды. Көмекке жеткен күштік құрылымдар 2 млн текше метр суды сорғызып, құм салынған 80 мыңнан астам қап төсеп үлгерді. Одан бөлек, Мақтааралға Алматыдан Ұлттық ұланның әскери 160 сарбазы мен 15 техникасы бара жатыр. Оқиға орнында жалпы жиыны мыңға жуық адам мен 180 техника жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ тасқын судан зардап шеккен Мақтаарал ауданының тұрғындарына Түркістандағы жоғары оқу орны да гуманитарлық көмек жөнелтті. Университет басшыларының қолдауымен 10 тонна азық-түлік пен күнделікті тұрмысқа қажетті заттары жеткізілді.

Әкесі мен балалары құтқарылды

Сондай-ақ Мақтааралда құтқарушылар әкесі мен екі ұлын құтқарды. Таңертең Жантақсай ауылының тұрғындары, 1975 жылы туған ер адам, 2001 және 2005 жылы туған екі ұлы үй малын іздеп шығып, су басқан аумақта жоғалып кеткен. Бұл туралы ауыл тұрғындарын эвакуациялау кезінде белгілі болған. Құтқарушылар дереу моторлы қайықпен жоғалған азаматтарды іздеуге кіріскен. Арада екі сағат өткенде оларды Өзбекстанмен шекаралас аумақтан тауып, қауіпсіз жерге аман-есен жеткізді. Әкелі, балалар аман-есен туыстарына оралғаны үшін құтқарушыларға алғыстарын айтты.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы