420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада карантин кезінде тұрмыстық қоқыс 30% артқан

  • 333
  • UPD: 20:34, 06.05.2020

Карантин енгізілгелі елордада тұрмыстық қоқыс шығару жиілігі артты, деп хабарлайды «Хабар 24»

Осыған байланысты коммуналдық мекемелер жұмысы бір сәтке де тоқтаған емес. Тұрғын үй кешендеріне қызмет көрсетуші мыңдаған жұмысшының еңбегі ерлікке татиды.

Ермұрат Тастанбектің тазалық жұмысына кіріскеніне бір жылдың жүзі болды. «Бүгінде жұмыс қыза түскен», – дейді ол. Өйткені қасындағы жұмысшылардың жартысы қаладан тысқары тұрады. Сол себепті карантин енгізілгелі шаһарға қатынай алмай қалған. Сөйтіп, күнделікті жұмыстың жүктемесі артты.

Ермұрат Тастанбек,  жұмысшы:

– Негізінде бізде қазір жұмысқа апару-әкелу қызметі жоқ қой, біреу қаланың оңтүстік-шығысында тұрады. Өзім Қояндыда тұрамын. Қояндыдан жұмысқа шығу үшін күнде таксимен барып келемін. Өз еңбегімізді істеп жатырмыз.

Адал еңбегімен нәпақасын тауып жүрген Ермұрат «індет жайлағанда жұмыста жүрмін» деп ешкімге міндетсінбейді де. Қайта 80 мыңдық айлығына шүкіршілік етіп, өз ісін тиянақты атқаруға тырысады. Айтқандай-ақ, шаруа болса, шаш етектен.  

Талғат Мамбин, мердігер компанияның жетекшісі:

– Күн сайын таңғы жетіден жұмысымызды бастаймыз. Карантин кезінде жұмыс кестесі өзгерген жоқ, сол аула ішіндегі тазалықты сақтау, ірі қоқысты шығару сынды күнделікті ісімізді тоқтаусыз жүргізіп отырмыз.

Елордалықтардың дені қазір карантинге байланысты үйде отыр. Содан болар, тұрмыстық қоқыстың мөлшері 30 процентке артқан. Қоқыс шығаратын мекеменің жұмыс кестесіне де өзгерістер енген. Техниканың 70 бірлігі бұрынғыдай таңғы алтыдан емес, сегізден бастап жұмысқа кіріседі. Осы уақытта бірталай қоқыс жиналады екен. Бірінші ауысымның жұмысы аяқталмай жатып, екінші ауысымның жұмысшылар қосылады. Бар-жоғы 250 адам қоқысты көлікке төңкеріп, жәшіктерді тазалап шығады. Байқасақ, бұл іске тек ер азаматтар тартылған. Отан қорғаушылар күні қарсаңында жұмысшының бірінен сұхбат алған едік.

Ержан Жақыпов, қоқыс шығарушы мекеме жұмысшысы:

– Мерекелеріңіз, Жеңіс күні құтты болсын! Денсаулық тілеймін ең бастысы.

Төтенше жағдай кезіндегі Ержан, Ермұрат сынды қарапайым жұмысшылардың еңбегі ерлікке пара-пар. Себебі тұрғындардың бейбіт күндегі тыныс-тіршілігін тоқтаусыз қамту тек нағыз еңбек ерлерінің қолынан келеді.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ғани Алшымбаев, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы