405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында балық қорғау шарасы басталды    

  • 160
  • UPD: 20:47, 06.05.2020

Арал теңізінде уылдырық шашу кезеңі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Мамыр айынан маусымның 10-на дейін әйгілі айдыннан су маржанын сүзуге тыйым салынды. Бірақ табиғат заңы мен құзырлы орган ережелерін пысқырмайтындар да жеткілікті.

Балықтың уылдырық шашу кезеңінде су айдындарында мүлгіген тыныштық болуы керек. Ау салмақ тұрмақ моторлы қайықтың үні де балықтың көбеюі кезінде зиян екен. Алайда құлқынның құлына айналған қаскөйлер табиғат заңдылықтарын ескергісі келмейді.

Бұл жолы да инспекторлар теңізден бірнеше ау құралын жинап алды. Алайда браконьерлер айылын жияр емес. Сырдария өзенінің Кіші Аралға құяр сағасына өрлеген су маржандарын тонналап сүзіп алуға сескенбейді.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– Бүгін теңіздің үстінде жел тұрып, толқын күшейді. Алайда ауа райының қолайсыздығы браконьерлер үшін кедергі емес секілді. Олар мынадай ну қамыстың арасында жасырынып жүріп, теңіз байлығын тонаудың түрлі тәсілін меңгерген. Ал көзге түсе қалған жағдайда мынадай 40-50 аттың күші бар жүйрік қайықтармен жасырынып үлгеруге тырысады. 

Аралдық инспекторлар 4 топқа білініп, теңіз үстін тәулік бойы торуылдап жүр. Бірақ табиғат қаскөйлерінің барлығын бірдей ұстау мүмкін болмады. Өйткені техника талапқа сай емес.

Есенбай Есіркепов, аумақтық инспекцияның Арал бөлімі басшысы:

– Қамыстың арасындағы жолдарды олар жатқа біледі. Сосын моторлы қайықтары мықты болады. Біздікі мысалы, 40-пен жүреміз, олар 110-ға дейін. 55-тік, 40-тық мотор және күйлі, жаңа. Біздікі моторымыз жоқтан бар жасап істеп жүрміз.

Заңсыз балық аулағандарға 10-20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Ал табиғатқа келген залал бөлек есептеліп, өндіріледі. 

Марат Нұрмағамбетов, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының орынбасары:

– Инспекция қызметкерлерімен 44 балық қорғау заңнамасын бұзу анықталып, оның 20 әкімшілік ісі сот орындарына жолданса, қалған 24 әкімшілік іс бойынша 347 мың теңге айыппұл салынып, оның 280 мың теңгесі өндірілді. Табиғатқа келген залал 398мың теңге қазіргі таңда өндірілуде.

Табиғат инспекторлары балықшылардың қауіпсіздік мәселесіне де алаңдайды. Құтқару шеңбері мен жилетті айтпағанда көбінің қайығы да теңізде жүруге арналмаған. Әсіресе, жылдамдығы жоғары, бірақ еңсесі төмен спорттық қайықтармен балық аулауға шығатындар да бар екен. Осы ретте мамандар судағы қауіпсіздік ережелерін естен шығармауды тағы бір ескертті.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы