424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында азаматтық қорғаныс саласының ардагерлеріне құрмет көрсетілді

  • 431
  • UPD: 15:12, 07.05.2020

Маңғыстау облысында төтенше жағдайлар департаментінің ұжымы соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін мамыр мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сый-құрмет көрсетілген аға буын қатарында азаматтық қорғаныс саласында ұзақ жылдар абыройлы еңбек етіп, зейнетке шыққан қариялар да бар. Дәстүрінен жаңылмаған құтқарушылар Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында өздеріне үлгі жандардың үйлеріне барып, хал-жағдайын сұрады.

Тамара Шуляк Ақтауға 1971 жылы көшіп келген. Ол кезде 31 жаста болған екен. Еңбек өтілін қалалық өрт сөндіру депосында диспетчер болып жалғастырды. 15 жыл қажырлы еңбек етіп, сержант лауазымын да алды. Мұнайлы аймақта өрт сөндіру қызметінің даму жылдарын әжей күн ұзаққа айтып беруге дайын. Биыл 80-ге шыққан қарияның есте сақтау қабілеті таңдай қақтырады.

Тамара Шуляк, азаматтық қорғаныс саласының ардагері:

– Байсалдылық, ұқыптылық пен жауапкершілік. Осы қасиеттердің құтқарушының бойында болуы керектігін үйрендік. Шұғыл көмек қажет тұрғындарға өрт сөндіру жасағын жылдам жіберуге дағдыландық. Өйткені әр минут алтынмен тең. Мекенжайды айтпаса да, телефон шалған адамның алғашқы сөздерінен-ақ түсінетінбіз.

Геннадий мен Мария есімді ерлі-зайыптылар азаматтық қорғаныс саласында 20 жылдан астам уақыт бірге еңбек етті. Ері өрт сөндіру көлігін жүргізсе, жұбайы Қарақия ауданының Жетібай ауылындағы бөлімде инспектор қызметін атқарды. Ол кез елді мекенге жақын тұрған мұнай кенорындарында өрт жиі болып тұрған екен. Аса ірі көлемдегі жалынды өшірген жасақтың құрамында олар да болыпты.

Геннадий Водолазский, азаматтық қорғаныс саласының ардагері:

– Дабылмен аяғымыздан тік тұрдық. Діттеген жерімізге жеткенімізше, мұнай ұңғымасы алапат өрт ортасында қалды. Ауаның ыстық болғаны соншалық жақын маңда ұшып жүрген құстардың қанаты күйіп, жерге құлап жатты. Әупірімдеп жүріп өшірдік. Сол кезде өзімнің не жолдасымның қауіпсіздігі есте болған жоқ. Әрқайсысымыз өз жұмысызды атқардық.

Аймақ карантин режиміне жабылғалы бері жасы үлкендердің үйден шығуы қиындады. Осыны ескерген құтқарушылар ардагерлердің үйіне азық-түлік пен басқа да керек-жарақты жеткізіп беріп жүр. Бұдан бөлек, «Біз біргеміз» акциясы аясында Ақтауда тұратын оннан астам зейнеткерге көмек берген.

Қуанар Базарбаев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:

– Тағы бір жанұяны ерекше атап кетуге болады. Олар Түркістан облысында тұрады. Өкінішке қарай, үй иесі біздің әріптесіміз қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен көз жұмды. Ұжым болып қаржы жинап, сол өңірдегі департамент мамандарының шотына аудардық. Олар өз кезегінде отбасыға керек заттарды алып, жақын арада жеткізіп береді. 

Қауырт жұмыстан бос уақытында ізгілікке жұмылған құтқарушылар таяу күндері ауылдық жерлерде тұратын аға буынды 9 мамыр мерекесімен құттықтап бармақшы.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы