426,50 518.00 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Таразда карантин режимі жеңілдетілмейді

  • 969
  • UPD: 14:30, 07.05.2020

Өйткені қалада коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі жиілеп кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақ бойынша қауіпті кесел 160-қа тарта адамнан анықталса, соның жартысына жуығы облыс орталығында тіркеліп отыр. Бүгінгі күнге дейін шаһарда 19 тұрғын үй карантинге жабылған. Қазіргі ахуалды жұрт дұрыс түсініп отыр. Тіпті 14 күндік карантинде болып көрген тұрғындар төтенше жағдай өмірлік сабақ болды дейді. 

Бұл Әлия Ахметованың 14 күндік карантиннен кейін балаларын алып алғаш рет далаға шығып отырған сәті. Оның көршілерінен коронавирус анықталып, 59-тұрғын үйді жауып тастаған еді. Тұрғындар бастапқыда қорқып, абдырап қалғандарын айтады.

Әлия Ахметова, қала тұрғыны:

– Қорқады екенсің. Біз өзіміз ауырмағаннан кейін білінбейді. Негізінде өзіміздің подъезден шыққаннан кейін қорқа бастадық. Шыны керек. Қорыққанымыз сонша, көршілердің үйіне кірген жоқпыз. Сыртқы есікті ашқан жоқпыз. Бүгінен бастап шығып қуанып жатырмыз. Бәріміз үйде отырып, осы індетті ертерек жеңіп шықсақ деген ойдамыз. Халқымыз аман болсын!

Ал Илья Василенко бақыт деген болмашы нәрседен тұратындығын ұғындым. Тіпті дүкенге азық-түлік алуға еркін барудың өзі жағымды іске айналды дейді ол. Бәрінен де балаларды үйде ұстап отыру қиынға соққан. Бұл үйде карантинге 42 адам оқшауланған. Оның 20-ы – бала.

Илья Василенко, қала тұрғыны:

– Бұл барлығымызға үлкен сабақ болды. Мұндай болады деп кім ойлаған? Еш дайындықсыз болдық. Еркіндіктің қадірін түсіндік. Алғашқы 5-6 күнде үйде жатып демалғанымызға қуандық. Адам одан да жалығады екен. Қалай болғанда да шыдамдылық танытқан жөн. Індетті жеңудің жолы сол ғана.

Қазір қаладағы оқшауланған осындай 19 үйдің 10-ы ашылды. Алайда шаһардағы эпидемиялогиялық жағдай әлі тұрақталмаған. Бір жағы карантиннен шықса, артынша жұқтыру дерегі тіркеліп жатыр. Кезекті оқиға Қойгелді көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде анықталды.

Ғабит Әбділдә, қалалық ТКҚСҚБ басқармасы басшысының орынбасары:

– Бізде қазір коронавирус инфекциясымен тіркелулер жиілеп кетті. Сол себепті жеңілдетілмей отыр. Қойгелдегі көшесіндегі тұрғын үй карантинге жабылған болатын. Ол жерде науқас анықталып, науқас бірден инфекциялық ауруханаға оқшауланды. Науқаспен жақын қарым-қатынаста болған адамдардың барлығы карантиндік стационарға жатқызылды.

Карантиндік режимнің жеңілдеуі коронавирус жұқтыру дерегінің тұрақталуына байланысты болады. Әлі де COVID-19-ды жұқтырып алу деректері тіркеліп жатыр. Мамандар қауіптің толық сейілмегенін айтып, босаңсуға болмайды деп ескертеді.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы