422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда абаттандыру жұмыстары қарқын алды

  • 350
  • UPD: 09:48, 08.05.2020

Бір айға созылған шектеулерден кейін Павлодар қаласы күнделікті  тыныс-тіршілігіне қайта оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір кездері еліміздегі ең жасыл қала мәртебесіне ие болған  көрікті шаһарда тазалық мәселесі басты назарда. Бүгінгі таңда саябақтар тазартылып,  гүлзарлар қалпына келтіріліп  жатыр. Бірінші болып  Жеңіс саябағының маңына  гүл көшеттері егілді.

Сәуір айында  павлодарлықтар жаппай сенбілікке шығатын. Биыл  тазалық айлығы өтпей қалды. Бірақ алаңдауға негіз жоқ. Жұмысты коммуналдық сала өз міндетіне алған.

Бұл  – Жеңіс саябағы.  Мереке қарсаңында абаттандыру жұмыстары қарқын алған. Даңқ алаңына гүл көшеттері егіліп жатыр. Ескерткіштің маңындағы гүлзарлар  шырайгүл, сальвия, барқытгүлдермен безендіріледі. Ол  солтүстіктің ауа райына  бейімделген гүл сұрыптары.

Алмаз Ахмеджанов, мердігер ұйымның жетекшісі:

– Бүгіннен бастап осы Павлодар қаласында  гүл отырғызу жұмыстары басталды. Біздің қарамағымызда қала бойынша 27 учаске бар. Сол учаскелерге тапсырыс берушінің  дизайны бойынша гүлдер отырғызылады.

Қаланы көгалдандыру ісіне  саңыраулар қоғамынан мүмкіндігі шектеулі жандар тартылған. Жалақылары  80 мың теңгеден басталады. Олар  жаз бойы осы гүлдерді күтіп-баптайды. 

Бағдат Жингулова, қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:

– Жасыл желек қорын дамыту бағдарламасы шеңберінде гүлзарлар мен көгалдардан тұратын 62 жер телімі анықталған. Бұл шамамен 15 мың шаршы метр жер.

Қаланы жасыл желекпен безендіру ісін  бірнеше мердігер компания атқарады. Өңірде көгалдарды суару маусымы да басталды. Қазір облыс орталығындағы барлық саябаққа су жіберіліп жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы