405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жеңістің 75 жылдығына арналған республикалық конференция өтті

  • 304
  • UPD: 15:37, 08.05.2020

Ұрпаққа ұран болған ұлы ерлік. Бүгін дәл осындай тақырыппен Жеңістің 75 жылдығына арналған республикалық конференция өтті, деп хабарлайды «Хабар 24»

Онлайн жиында соғыс жылдарында ерлік көрсеткен батыр бабаларымыз туралы естеліктер айтылып,  ұлағатты істері насихатталды.

Жеңіске қазақстандықтардың қосқан үлесі ұшан теңіз. Карантинге байланысты батырларымыздың ерлігін насихаттайтын  конференция биыл ZOOM платформасында онлайн өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 500-дей адам қатысты. Көпшілікке тарих ғылымдарының докторлары мен профессор академиктер дәріс оқып, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбилейтін, тарихқа қызықтыратын деректерді бөлісті.

Аманкелді Қашқымбаев, ҚР БҒМ ҒК «Мемлекет тарихы институты» ММ директорының орынбасары, доцент:

– Бұл Ұлы Отан соғысы емес дейді. Қазақтар қателесті дейді. Ол Ресейдің соғысы дейді, орыстардың соғысы деген сияқты. Бұл тұрғыда біз қателесетін шығармыз. Өйткені 20-40 жылдары Қазақстанда көп өзгеріс болды. Біріншіден, мемлекеттің қайтадан жандануы. 20-шы жылдардан бастап Қазақ ұлттық автономиясы, «қазақ» деген сөз қайтып келді. Бұл енді сол кезде болған ең үлкен жақсылық, ең үлкен жетістік.  Осындай көріністердің алдында осындайға қол жеткізген Отанның алдындағы менің парызым. Соны мен ақтауым керек.

Деректерге қарағанда, 41-45 жылдардағы соғысқа Қазақстаннан 1 млн 200 мың адам аттанған. Олардың жартысынан көбі майдан даласында қаза тапты. Ендігі міндет,  Отан үшін жанын аямаған батырларымыздың өнегелі істерін жас ұрпақтың бойына сіңіру дейді ұйымдастырушылар. Сондықтан конференция аясында оқушылар мен студенттердің ғылыми баяндама жасауына мүмкіндік берілді.

Дархан Өте, «Білім-инновация» ХҚҚ президенті:

– Жиырмаға жуық білім-инновация лицейінің жас ғалымдары, яғни олимпиадистер, тарихқа қызығушылық білдіріп отырған оқушылар өз баяндамаларымен осы конференцияға келіп отыр. Және де өзіміздің 10-ға жуық ұстаздарымыз да өз ойларымен бөлісіп отыр.  Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесін тек мереке ретінде тойламай, сол уақыттағы ата-бабаларымыздың, кешегі шейттеріміздің, бүгінгі ардагерлеріміздің қаншалықты үлкен бір жанқиярлықпен ерлік көрсеткенін бір сезіну бұл негізгі мақсат болып отыр.

Конференцияның қорытындысы бойынша, үздік баяндамалар жинаққа енгізіледі. Сонымен қатар, онлайн-конференцияға қатысқандарға және жетекшілеріне сертификаттар мен дипломдар табысталады.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Айбын Кусанбеков

Хабар 24 телеарнасы