423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Батысқазақстандықтар судан тапшылық көрмеудің амалын жасап жүр

  • 402
  • UPD: 21:56, 08.05.2020
Батысқазақстандықтар судан тапшылық көрмеудің амалын жасап жүр

Батыс Қазақстанда қыста қар аз түсіп, өзен-көлдер толмай қалды. Өңірдің оңтүстік аудандары әзірден-ақ су тапшылығын тартып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Ендігі үміт Жайықта. Өзендегі судың деңгейі дәл қазір 285 см шамасында. Су әлі де 10 шақты күндей көтеріліп, 330-340 см-ге жетеді деген болжам бар. Осының арқасында су қоймаларына қажетті тіршілік нәрі жиналып жатыр. Киров, Бітік, Дөңгелек, Пятимар су қоймаларының сыйымдылығы 260 млн текше метр болса, қазір 57 проценке толған. Бұл қоймаларға Жайықтан Көшім өзені арқылы күніне 4 миллион текше метрдей су барады. Тіршілік нәрін тездетіп жинақтау үшін наурыздан бері Көшім өзеніндегі өткелдер алынып, арнасы тазартылып жатыр. Егер қажетті су қорын жинай алсақ, Қараөзенге Киров-Шежін каналы арқылы су беруге болады. Бұл су тапшылығын азайтады дейді мамандар.

Ринат Шауенов, облыстық табиғи ресурстар басқармасы басшысы:

– Круглоозерный ауылындағы көпірді алып, айналма каналдар қазып, осы арқылы Жайықтан судың шығуын секундына 20 текшеметрден 40 текшеметрге дейін жеткіздік. Енді Жайықтағы су деңгейі әлі 10 күндей көтерілсе, қажетті суды жинап алуға мүмкіндік бар. Сонда Қараөзенге жазда секундына бір текше метр су беріп тұрамыз, секундына екі текше метр су Ресей жағынан келеді. Осы арқылы Казталов, Жаңақала аудандарындағы ауылдарды, шаруа қожалықтарын сумен қамтуда қиындық болмайды.

Хабар 24 телеарнасы