423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысындағы Қарабалық ауданында жаңа жұмыс орындары ашылады

  • 356
  • UPD: 22:17, 08.05.2020

Қостанайдың атқарушы билігі ауыл азаматтарын жұмыспен қамтуға көп көңіл бөліп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Мәселен, Қарабалық ауданында жаз мезгілінде жүз шақты адамға жаңа жұмыс орындары ашылады.

Олар жол салып, әлеуметтік нысандарды жөндейді. Еңбекпен қамту жол картасы аясында бұл аудан орталығында 4 жоба жүзеге аспақ. 

Ворошилов пен Святослав елді мекендерінің арасы – шамамен 20 шақырым. Екі ауылды байланыстыратын жол сонау Кеңес дәуірі кезінде салынған. Содан бері жөндеу көрмеген. Биыл бұл міндетті жергілікті мердігер қолға алыпты. Мұнда 15 адам, 5 техника жұмыс істейді. Нысанды бүгін-ертең тапсырамыз деп отыр.   

Оганнес Петоян, мердігер:

– Биыл қалған екі шақырым бөлігін аяқтаймыз. Сосын үш километр аумақтың жоғарғы қыртыс бөлігін өңдейміз. Жалпы бұл нысанды 9-15 мамыр аралығында тапсыруды жоспарлап отырмыз. 

Мердігер мұнымен қоса, аудан орталығындағы төрт көшенің жолын жөндеуді мойына алған. Оның барлығы еңбекпен қамтудың жол картасына енгізілді. Бағдарламаның шарт-талабы бойынша бұл нысандарға негізінен жұмыссыздар алынуы тиіс. Соның арқасында қазір жергілікті 13тұрғын осында екі қолға бір күрек тапты. Солардың бірі – 54 жастағы Дмитрий Львов. Ол Қарабалыққа жақында көшіп келген. Баспана сатып алғанымен, бірнеше ай жұмыссыз отырып қалған.

Дмитрий Львов, Қарабалық кентінің тұрғыны:

– Ол жақта туған інім екеуміз жеке шаруашылықпен айналыстық. Сондықтан жұмыс іздеп Қарабалыққа келдім. Жергілікті әкімдіктің көмегімен осында орналастым.

Еңбекпен қамту бағдарламасы аясында Қарабалық ауданында жол құрылысынан басқа тағы 3 жоба қаралған. Орталық аурухананың ғимаратын жөндеу, оның ішінде патологоанатомия бөлімін толық жаңарту көзделіп отыр. Ал «Орталық» стадионда  жасанды жасыл алаң пайда болады. Бұл жаңалыққа әсіресе жергілікті аяқ доп шеберлері дән риза. Аталған жобаларға мемлекеттік қазынадан 332 миллион тенге  бөлініп отыр.

Жанат Ескендірова, Қарабалық аудандық еңбекпен қамту орталығының басшысы:

– Жұмыссыз тұрғындарды әр түрлі әлеуметтік топқа жатқызуға болады. Олардың арасында түрмеден босағандар, үй бақылауында болғандар, мектеп қабырғасынан шыққан жастар да бар. Солардың барлығын жұмыспен қамтуға тырысамыз. Тіпті жұмыссыз ретінде тікелмегендерді де есепке алып жатырмыз.

Қазіргі кезде Қарабалық ауданында 142 адам ресми түрде жұмыссыздар есебінде. Соның 84 таяу күндері жұмысқа алынады. Қалған бөлігінде еңбекпен қамту үшін аудан да басқа да мүмкіндіктер қарастырылып жатыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы