420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақ телевизиясының алғашқы директоры болған майдангер

  • 444
  • UPD: 18:02, 09.05.2020

Екінші дүниежүзілік соғыста қолына қару алып, майданға барған әр қазақ жауынгері батыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиырма жасында сұрапыл соғысқа аттанып, оқ пен оттың ортасында жүріп сан рет жарақат алған, сөйтіп дәм-тұзы таусылмай елге оралған ерлеріміздің бірі – Хамза Абылғазин. Дәл қазір ортамызда  болмағанымен, артында ұлағатты ісі,  жарқын ізі қалды.   

Хамза Абылғазин соғысқа 1939 жылы аттанады. Сол жылы фин шайқасында болып, жауынгерлік қабілетін көрсетеді. Кейін Ленинград қоршауында қалады. Курс доғасында ерлік үлгісін көрсеткен. Жеңіс күнін Берлинде қарсы алады. Сол күндердің естелігі бүгінде құжаттар мен сарғайған суреттерде сақталып қалды. «Ерлігі үшін», «Қызыл жұлдыз» медалдарымен марпатталған. Бейбіт өмір орнаған алғашқы жылдары еліміздің мәдениет саласында  еңбек етті. Көмекке мұқтаж адамға қол ұшын созды,  мейірім мен қамқорлық танытып, адамгершілік қасиетімен көптің алғысын алды.

Бақыт Батырқызы, Х.Абылғазиннің келіні:

– Әлі есімнен кетпейді. Айтқан сөзі, қимылы бәрі  қандай көмектескені, адамгершілігі керемет болды. Кәрі жасына қарамай, көмектесетін, жұмыс тауып беретін, пәтер алып беретін, балаларды институтқа түсіретін. Бізде ондай адамды кездестіру өте қиын. Оның үстіне соғыстан кейін қандай жағдай болды. Қазақ па, орыс па басқа халық па, ол кісіге бәрібір. Қолынан келген жақсылықты жасайтын.

Хамза Әубәкірұлы 1958 жылы негізі қаланған Қазақ телевизиясының алғашқы директоры болды.  Телевизия саласында білікті мамандарды тәрбиелеп, қазақ және орыс тілдерінде ондаған бағдарламаның эфирге шығуына айрықша үлес қосты. Ал 1962 жылы «Қазақфильм» киностудиясына басшылық қызметке барды. Ал Қазақ ССР-і Жоғарғы кеңесінің іс басқарушысы болған жылдары Кемел Тоқаевпен қызметтес болып, жақын араласқан.

Бағдат Дүйсенов,  Х.Абылғазиннің жиені:

– Екеуі жоғарғы кеңесте, парламентте,  бірге қызмет атқарғандықтан араласып бір біріне жақын болды. Оларды не жақындатты? Өйткені соғысқа дейін бұларда қиындық, соғыс кезіндегі азап, қиын қияметтер болды. Жанымен жақын болатын. Бір-бірінің сырын керемет түсінетін еді. Екеуі де елдің игілігі үшін қызмет атқарамыз деген азамат болғандықтан, бір-бірімен қатты араласты деп Қасымжомарт Кемелұлы өзінің естелік кітабында  Абылғазин Хамза атамыздың атын атап өтеді.

Адамзатқа ауыртпалығын салған соғыстың азапты күндерін көрсе де, адамға деген мейірімін жоғалтпаған Хамза Абылғазиннің өнегелі өмірі жас ұрпаққа үлгі.

Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы