420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында мереке күні ардагерлер құрметке бөленді

  • 439
  • UPD: 20:14, 09.05.2020

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов бірқатар соғыс ардагерін үйіне барып құттықтады, деп хабарлайды «Хабар 24»

Жеңіс сарбаздарына Президенттің жылы лебізін жеткізіп, сый-сияпат, жеміс-жидек жиынтығын табыс етті. Мереке күні майдангерлерге көрсетілген құрмет-қолдауға біздің тілшіміз де куә болды.

Соғыс кезінде әуе-десант әскери құрамында болған Қасымхан  ата тоқсанды орталаса да әлі тың. Абыз ақсақал ән-жырдан да, сөзден де  тосылған емес.  Жеңіс күнімен құттықтауға келген  әкім екеуі ел өміріне қатысты мәселелер турасында ой қозғап, пікір алмасты. 

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

– Қазір 82 ҰОС қатысушы қалып отыр облысымызда, 82 адам. Барлығы материалдық көмекпен қамтамасыз етіліп отыр.

Қасымхан ақсақал көрсетіліп жатқан сый-құрметке алғысын білдіріп, Отан үшін от кешкен ерлердің ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуы керек деген тілегін жеткізді.

Қасымхан Алдабергенов, соғыс ардагері:

– Мұқтаждық жоқ. Баспанамыз бар, алатын зейнетақымыз бар. Басқа да жеңілдіктеріміз бар. Құрметке бөленіп жатырмыз /Біз сияқты елге адал патриот болып өсіңдер.

Михаил Подоляков Қасымхан ақсақалмен түйдей құрдас. Екеуі де 17 жасында әсерге алынып, 1943 жылы  майданға енген. Соғыстан соң 50 жылдан астам стастистика саласында жұмыс істеді. Ұзақ жыл ардагерлер кеңесін басқарды. Сондықтан  жақында қабылданған «Ардагерлер туралы» заңды қуана қабылдағандардың бірі. 

Михаил Подоляков, соғыс ардагері:

– Бұл – өте ақылды шешім.  Себебі әрбір адам ертеңгі күні үшін алаңдамауы қажет. Көптен күткен бұл  заң  ардагерлер құқын,оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек-қолдауды айқындап берді.

Жалпы облыс бойынша 82 майдангерге бір миллион тенгеден берілді. Сондай-ақ тыл еңбеккерлері мен концлагер тұтқындарына да  қаржылай қолдау көрсетілді.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы