420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бейбіт күнді бағалайық – ардагер тілегі

  • 369
  • UPD: 15:58, 10.05.2020

Батысқазақстандық соғыс ардагері Михайл Шепель биыл 94 жасқа толды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қан майданға үш бірдей бауырымен бірге аттанған ол отбасына жалғыз оралыпты. Жеңісті Австрия жерінде қарсы алған қария қазір Бөрлі ауылында тұрады.

Михаил Ивановичтың жасы тоқсан төртте. Бірақ белсенді өмір салтын ұстанатын қария әлі тың. Әр кез газет оқып, шабыты келгенде өлең де жазады. Ал үйге қонақ келгенде қолына гармонын алып, майдан әндерін шырқайды.

Қария майданға 1943 жылы аттанып, отбасына 7 жылдан кейін оралады. Еуропа елдерінің тең жартысын басып өтіп, соғыстың соңғы сәттерінің бірінде ауыр жараланыпты. Эшелонмен бірге Венадағы госпиталға келе жатып жеңіс туралы хабарды естиді.

Михаил Шепель, соғыс ардагері:

- Қарауылда тұрған сақшы кенет аспанға оқ атты. Қапелімде мұнысы несі деп дағдарып қалдық. Бір кезде ол «Соғыс бітті!» деп хабарлады. Сол уақытта біз секілді жаралылар мініп келе жатқан пойыз да үш күн бойы жүре алмай тұрған. Бәріміз шат-шадыман күйде, қуанып жатырмыз.

Алсу Шепель, келіні:

– Атамыздың ұзақ жасауына оның өмірге деген құштарлығы, мейірбан жүрегі мен қайырымды істері әсер етсе керек. Ол балық аулағанды өте жақсы көреді. Үнемі балық аулауға кеткен бір сағат уақыт өміріңді 10 жылға ұзартады деп әзілдейді. Сондықтан атамызбен бірге табиғат аясына жиі шығып тұрамыз.

Михаил Шепель қан майданға үш ағасымен бірге аттанған. Алайда, бауырлары сұрапыл соғыста мерт болды. Отбасына аман оралған ол өмір бойы орман шаруашылығында еңбек етті. Жұбайымен бірге үш перзентін тәрбиелеп өсірді. Арманым – Жеңіс күні Қызыл алаңда майдан әндерін шырқау еді. Бірақ бейбіт заманның әр күнін баға жетпес байлық деп есептеймін дейді ол.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы