429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы 11 шаңырақ баспаналы болды

  • 595
  • UPD: 14:50, 11.05.2020

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында тұрғын үй мәселесі оң шешімін тауып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы 3 жылда мұнда 112 пәтер салынып, кезекте тұрғандарға берілсе, биыл 12 пәтерлік 2 үйдің құрылысы басталмақ. Сонымен қатар «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 11 жанұя баспаналы болған.

Гүлзара Тілекқабылқызы – аудандық «Шұғыла» газетінің тілшісі. Бұрын елдегі жағымды жаңалықтардың жаршысы ғана боп келсе, биыл өзі де мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көріп, шапағатын сезінді.  «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспаналы болды. Осыған дейін ағасының үйінде тұратын. Жуырда жанұясымен жаңа мекенге қоныс аудармақ.

Гүлзара ТІлекқабылқызы, Жәнібек ауданының тұрғыны:

– Қалаға барып, бәрін тексерді. Өттім. Содан кейін үй іздей бастадым. Біздің ауылда олардың критерийлерімен үй табу өте қиын болды. 50 шақты үй қараған болармын саттықта тұрған. 4 млнға дейін деп қойды бағаны.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша былтыр ауданда 11 жанұя баспаналы болған. Оның  9-ы үйді қаладан қараса, екеуі туған жерден таңдапты. Үміткерлер баспана кезегінде тіркелген көп балалы отбасылар мен толық емес және мүгедек бала тәрбиелеп отырған жанұялар арасынан іріктеледі.

Жарқын Хайырлиев, Жәнібек аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

– Өткен жылы қабылданған «Нұрлы жер» бағдарламасы «Бақытты отбасы»  бағыты бойынша биыл 10 отбасы жолдама алды. Бірақ күні бүгін төтенше жағдай  енгізілуіне байланысты олардың жұмысы тоқтап тұр. Құжаттарын тапсырып үлгерді. Енді нәтижесі келесі айда белгілі болады.

Тұрғын үйге қатысты мәселенің түйінін тарқату мақсатында Жәнібек ауылында осыдан 3 жыл бұрын «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 157 жер телімі тілек білдірушілерге таратылған еді. Күні бүгін мұнда 22 үй бой көтеріпті. Алғашқылардың бірі боп баспана тұрғызғанның бірі Биболат Есенғалиев. Ол жаңа қонысқа былтыр көшіпті.

Биболат Есенғалиев, ауыл тұрғыны:

– Осы жақтан жер алғасын жоспарлап, осы үйді салдық. Қазір осында тұрып жатырмыз. Бір қыстап шықтық. Енді бәрі жақсы. Инфрақұрылымы бар, газы, суы бәрі келіп тұр.

Мұқамаш Тайкенжин, ауыл тұрғыны:

– 17-де тізім жасап, 18-де берді, 19-да көтеріп тастап тұрмын ғой. Бұйырса қоршап жатырмын. Әзірге тұрып жатырған жоқпыз. Бұйырса кірерміз.  Өзіңе салған жақсы ғой қанша айтқанмен. Ыңғайына қарап салады ғой адам.

Жәнібек ауданында 240 азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген. Басым бөлігі аудан орталығында. 8 мыңдай тұрғыны бар кент үшін бұл аз емес. Қоғамның әлжуаз топтарын баспанамен қамту мақсатында соңғы 3 жылда ауданда 112 пәтер кезекте тұрғандарға берілсе, биыл 12 пәтерлік 2 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы басталмақ.

Авторлары: Ерденбек  Жылқайдарұлы, Болат Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы