429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейде карантин ережесі күшейді

  • 346
  • UPD: 21:00, 11.05.2020

Соңғы 3 тәулікте қалада тағы 21 адам коронавирус жұқтырғаны анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Індетке шалдыққандардың бәрі де карантин ережесін елемей, туған күн тойлап, отбасылық мерекеде бас қосқан. Елде төтенше жағдай жарияланғаннан бері қалада 2 мыңға жуық автокөлік рұқсатсыз жүрген. Осы жағдайдан кейін облыс басшылығы Семейде шектеу шараларын қатайту туралы шешім шығарды.

Семей қаласының тұрғындары карантиннің аяқталуын көп күтетін түрі бар.

Өйткені соңғы үш тәулікте қауіпті індетті жұқтырған 21 науқас анықталды. Олардың жұқпалы індетті той-томалақ пен туған күнге жиналған кезде жаппай жұқтырғаны белгілі болды. Қала халқының көбі соңғы кезде індетке немқұрайлы қарай бастаған. Қатаң шектеуге шыдамағандар да бар. Көбі бетпердесіз көшеге шыққан. Осының кесірінен індет індемей тұр. Көлік иелері де тәртіпті елемей, жүйткіп жүр. 

Бауыржан Садақпаев, жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары:

– Енді блок-бекеттердің жұмысы күшейетін болады. Көлік жүргізушілері бұрынғыдай тек рұқсат қағазы мен құжатын көрсетіп, дене қызуын өлшетіп өте бермейді. Әрбір өткен адам өзі жайлы анкета толтырып, COVID-19 вирусына тест тапсыратын болады.

Шынар Мұхаметжанова, медбике:

– Далада қазір күн 30 градусқа дейін күйіп тұр. Біз оған қарамастан, әрбір көліктегі адамның денсаулығын тексеріп тұрмыз. Кірген-шыққан көліктегі барлық жолаушының дене температурасын өлшейміз. Бүгіннен бастап экспресс тест тапсыратын болады.

Қаладағы кейбір кәсіпкерлік нысандары да ерекше бақылауда болады. Әсіресе дүкендер, сән салондары және азық-түлік тасымал саласы. Жергілікті құзырлы орган қызметкерлері санитарлық мамандармен бірігіп, рейд өткізіп жатыр. Басты талап – карантин ережелерінің орындалуын қадағалау. Әзірше ереже бұзған кәсіпкерлерге ескерту беріп жатыр. Екінші рет қайталанса, айыппұл салынып, сол нысан бірден жабылады.

Руслан Шелдібаев, қалалық мәслихат депутаты:

– Кәсіпкерлік нысандарының жұмысы тоқтамағаны дұрыс. Өйткені қазір қаладағы негізгі жұмыс көзі осы болып тұр. Тек біз олардың жетекшілерінен карантин мен санитарлық талап-ережені сақтауды ғана сұраймыз.

Қаладағы қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы семейліктерге үндеу жариялады. Қазір арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.

Ілияс Мұхамеджанов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Шығыс Қазақстандағы анықталған 43 коронавирустық жағдайдың 33-і Семей қаласында тіркеліп отыр. Науқастардың арасында – төртеуі бала. Оның ішінде бір жасар нәресте де бар. Әрине, бұл жаңалық облыс тұрғындарын толғандыруда. Бұл Семей тұрғындарының карантин сақтамауының салдары.

Жалпы шығыста бүгінге дейін COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 50-ден асты. Дегенмен күн санап емделіп шығып жатқандар да бар. 

Авторлары: Олжас Керейхан, Әсем Өтешова, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы