428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында құны 140 млн теңгені құрайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталады

  • 256
  • UPD: 20:51, 11.05.2020

Маңғыстау облысындағы ауылдардың әлеуеті күн санап артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірге қарасты бес ауданда тұрғындар сұранысына қажет әлеуметтік нысандар құрылысы жүріп жатыр. Көлік жолдары жөнделіп, көшелерге жарық беріле бастады.

Былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бөлінген 1 млрд 100 млн теңге толық игерілді. Биыл бюджеттен тағы 3 миллиардтан астам қаржы бөлініп отыр. Ақтаудан шалғай жатқан елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту аймақ әкімінің жеке бақылауында.

Облыс басшысының жұмыс сапары үлгілі ауыл – Ондыдан басталуы тегін емес. Әдебиет майталманы Әбіш Кекілбайұлы дүниеге келіп, білім алған елді мекенде бір мыңнан астам адам тұрады. Өткен жылы 80 жылдығы аясында жазушы атындағы мектеп жөнделіп, айналасы абаттандырылды. Ауылды ауыз су, жарық, көгілдір отынмен қамтуда мәселе жоқ. Таяу күндері жобалық құны 140 млн теңгені құрайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталады. 

Жәнібек Қожық, Онды ауылының тұрғыны:

– Ауыл халқының денсаулығы үшін медпункт салынып жатқанына шексіз рақметімізді айтамыз. Жылыжай, құс фабрикасын салу керек. Сонда ауыл толық жұмыспен қамтамасыз етіледі. Тек салып қана қоймай, мекемелерге өткізетін келісімшарттар болуы керек. Оған қажетті жұмысшы күші ауылда бар. Осыны облыс басшысы қолдайтын болды.

3 мыңға жуық халық қоныстанған көрші ауыл Жармышта 200 орындық мәдениет үйі бой көтеріп келеді. Жоспар бойынша бұл ғимаратта кітапхана да болады. Құрылысына қазынадан 211 млн теңге бөлінді. Мәдени нысан биыл қараша айында ашылады деп күтіліп отыр. Жобаның уақытында аяқталуына «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы түрткі болмақ. 

Мемлекет қаражаты ауылдардың келбетін жаңартып қана қоймай, халықтың тұрмысын жақсартуға да бағытталмақ. Соның ішінде жұмыссыздықпен күреске басымдық берілген. Биыл осы мақсатқа республикалық бюджеттен 34 млрд теңге қаралған. 

Серікбай Тұрымов, облыс әкімі:

– Барлық ауылда жөндеу, абаттандыру, жол салу жұмыстары іске асырылып жатыр. Барлық ауылдық мекенге үлгі болатындай көрнекті етіп жасағымыз келеді. Және оны Онды ауылынан бастағымыз келеді. Маңғыстау ауданында өткен жылы халықпен кездескенде, біраз мәселе көтерілді. Біз осы бағдарламада әлгі мәселелерді қамтып өтуге тырыстық. Мысалы, Жармышта көптен айтылып келе жатқан мәдениет үйі. Оған толық қаражат қаралды. Су мәселесі бар еді. Оған да қазір жұмыстар басталып жатыр. Ауылға кіреберіс қатқыл табанды асфальт жолы бар еді. Бұл жолды да «Жол картасымен» жасайтын боламыз.

Тасмұрын-Мәстек, Шетпе-Шайыр-Жыңғылды бағытындағы жолдарды да жаңалауға қаржы бөлінді. Бекі ауылында мектеп салуға құжат дайындалып жатыр. Жыңғылды мектеп-интернатын жөндеп, автобуспен қамту да күн тәртібінде тұр. Демек биыл бір ғана Маңғыстау ауданында атқарылатын шаруа шаш-етектен. Қалып тұрған төрт аудандағы ауылдарды көркейту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Сұңғат Төлебаев

Хабар 24 телеарнасы