423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қостанай облысында көктем шыққалы 27 адамды кене шаққан

  • 620
  • UPD: 15:01, 12.05.2020

Кенеден келетін кеселден сақтаныңыз!

Қостанай облысында көктем шыққалы кене шаққан 30-ға тарта адам медициналық көмекке жүгінген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың он бесі 14 жасқа дейінгі балалар. Мамандар қауіптің алдын алу мақсатында даладан қансорғыш жәндіктер жинап, оларда қандай дерттің қоздырғыштары бар екенін зерттеуге шықты.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Қостанай облысында биыл кенелер уақытынан ерте ояна бастады. Улы жәндік жыл басынан бері 27 адамды шаққан. Дегенмен, зардап шегушілер дер кезінде дәрігерге қаралып, тиісті ем-дом қабылдаған соң құлан таза айыққан. Алайда, мамандар тұрғындарды сақ болуға шақырады. Өйткені кененің шағуы қауіпті дерттерге әкелуі мүмкін.

Эпидемиолог мамандар осы жерге жылда мамыр айында келеді. Еріккеннен емес, әрине. Көк шөп үстінен жиналған кенелерден түрлі инфекция  қоздырғыштарын анықтау мақсатымен. Негізінен жайылым кенелердің белсенділігі сәуір айының ортасында басталған. Кене шағып көмекке жүгінгендерден қауіпті дерт анықталған жоқ. Бәріне арнайы екпе жасалып, дәрігерлердің бақылауына алынды.

Сәуле Нұрышева, аудандық тауарлар мен қызмет сапасын бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

- Жоспар бойынша кенелерді жинап, кейін оларды облыстық зертханаға апарып тапсырамыз. Оларды кене энцефалиті, боррелиозы тәрізді осындай ауруларға тексереді. Қостанай ауданы бойынша 4 адам шағымданды. Олардың барлығы медициналық бақылауда.

Осы зертханада кенелерге жан-жақты зерттеу жүргізіледі. Өңірдің әр түкпірінен мыңға жуық улы жәндік әкелінген. Былтыр 11 мыңнан астам  сынамалар алынса, биыл жұмыс уақытша тоқтап тұр.

Қарлығаш Кенжебаева, зертхана меңгерушісі:

- Тест жүйелері энцефалит, боррелиоз, куллиолихорадка және тағы басқа заноздық инфекция түрлеріне бізге Ресейден келеді. Қазір өздеріңіз білесіздер, қазір екі ел арасында шекара жабық болғасын қолданыста жоқ. Сондықтан оның нәтижесін біз бірден анықтай алмаймыз. Алынған сынамалар нәтижесін уақытылы бере алмаймыз.

Мамандар кенеден қорғану үшін табиғат аясына шыққанда сақ болуға шақырады. Далада ашық түсті киімдер киіп, ал жәндік жабысқан жағдайда оны жұлып тастауға болмайтынын ескертеді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы