412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында Президент ұсынған жаңа бағдарлама бойынша үй алғысы келетіндер көп

  • 160
  • UPD: 20:46, 12.05.2020

Қостанай облысында былтыр мемлекеттік бағдарлама бойынша 3 мың 500 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» жобаларына бөлінген пәтерлердің барлығы өз иелерін тапты. Алайда  жеңілдетілген несие бәріне бірдей қолжетімді емес. Сондықтан күні кеше Президент ұсынған «5-10-20» бағдарламасына үміт артушылар көп.

Журналист Жандос Жүсіпбек былтыр отбасын құрып, жақында тұңғышы дүниеге келді. Осы уақытқа дейін пәтер жалдап келген әріптесіміздің ендігі арманы баспаналы болу. Талай талпынып көрген, бірақ қысқа жіп күрмеуге келтірмей жатты. Мемлекет басшысының кеше жариялаған «5-10-20» жобасы Жандостың жеке үйге қол жеткізсем деген үміт ұшқынын қайта  маздатқандай.

Жандос Жүсіпбек, қала тұрғыны:

– Баспанасы жоқ отбасылардың үй алуына бірден-бір кедергі осы жарна екендігі жасырын емес. Көп бағдарламалардың алғашқы жарналары қымбат. Мынау бағдарламаны естіп, қуанып жатырмыз. «5-10-20-ның» ұсынып отырған мүмкіндіктері біздің көңілімізден шығады.     

Сонымен жаңа несиенің үстеме ақысы 5 процентке дейін,  алғашқы төлем жарнасы екі есеге азайтылды. Бұл жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 390 миллиард тенге қаралған. Биыл елімізде тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алады. Жоспар бойынша барлығы 150 мың пәтер тапсыру көзделіп отыр.  

Сансызбай Жиентаев, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

– Әсіресе жастарға көптеген мүмкіндік беріп отыр. Егер басқа елді алсақ, басқа елде мұндай жеңіл бағдарлама жоқ. Негізінде мұның бәрі де Қазақстан халқының экономикалық-әлеуметтік дамуын көтеруге арналған дүние. 

Тобыл өңірінде де құрылыс жоспары ауқымды. Қостанайдың өзінде  Береке, Қонай деген жаңадан екі шағын аудан пайда болады. Ол аумақта 100-ден астам 5-9 қабатты үйлер салынады. Бұл жоба 2022 жылға дейін жүзеге асуы тиіс. Қазіргі кезде  газ, су, жарық  өткізу жұмыстары басталып та кетті. 

Берік Таңжарықов,  облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Бүгінде 19 үйдің жобалық-сметалық құжаты дайын. Оның ішінде 15 үй кредиттік үй, 4 үй жалға беру бойынша салынады. Соған қосымша бір қабатты үйлер, екі қабатты коттеждік үйлер, біреуін архитектуралық стиль бойынша салуды жоспарлап отырмыз.  

Жалпы облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биыл 4 мыңнан астам  баспана  пайдалануға беріледі.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы