412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде эпидемиолог маман тапшы

  • 162
  • UPD: 20:50, 12.05.2020

Бұл саланы білетін, білімді жандардың барлығы қазір індетпен күреске жұмылдырылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соған қарамастан облысқа тағы 30 маман қажет. Жалпы бұл жайт еліміздің өзге де өңірлеріне тән. Бүгінде Қазақстанға қосымша 800 маман жетіспейді. Әлемдік пандемия денсаулық сақтау саласы мен медициналық білім берудегі олқылықты айқын көрсетті.

Бұлбұл Нұрмағамбетова Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетін биыл тәмамдауы тиіс. Кәсібі – қоғамдық денсаулық сақтау маманы. Яғни, эпидемиолог, медициналық статист пен медициналық өкіл мамандығын бір өзі игереді. Алайда әлемді жайлаған індетке байланысты кейінгі кезде сабақ кестесінде эпидемиология саласы басым. Күнделікті онлайн дәрістердің барлығы «Ковид-19-дың» төңірегінде.

Бұлбұл Нұрмағамбетова, М.Оспанов атындағы БҚМУ студенті:

– Осы эпидемияның таралуына байланысты біздің мұғалімдер өздерінің COVID-19 туралы білетін бар ақпаратты біздермен бөлісуге тырысуда. Оның  жұғу көзі, қандай жастағы адамдарға ол қауіпті және де қандай симптомдар болатындығы туралы. Қандай қорғаныш іс-әрекеттер жасау керектігі туралы бізге барынша ақпарат беруде.

Яғни, биыл диплом алғалы отырған елуден астам студент айтып келген кеселмен күреске тыңғылықты дайын болуы тиіс. Іргелі білім ордасы қоғамдық денсаулық сақтау маманы бойынша бұған дейін бітіріп кеткен азаматтарға да қосымша курстар ұйымдастыруға әзір. Екі апталық біліктілікті арттыру дәрісі тек короновирустың қыр-сырымен танысуға арналады. Қазір арнайы топты жинау, тыңдаушылар тізімін анықтау жұмыстары жүргізілуде. 

Салтанат Оразаева, М.Оспанов атындағы БҚМУ эпидемиология кафедрасының жетекшісі:

– 2011 жылы бізде соңғы түлек болды. Кәдімгі врач гигиенист-эпидемиолог деген дипломында жазылған. Қазір дайындап жатқанымыз – қоғамдық денсаулық сақтау мамандары.

Әлемді шарпыған індет медициналық білім беру саласының осал тұсын ашып берді. Яғни, қоғамдық денсаулық сақтау маманы дәрігер-эпидемиологты толық ауыстыра алмайтындығы тәжірибе жүзінде мәлім болды. Бұл жайтты қосымша дәріс өткізуді көздеген медициналық университет өкілдері де мойындауда. Сондықтан Парламентте талқылауға түскен денсаулық сақтау кодексіне қазір көпшілік үміт артып отыр. Әсіресе, кадр даярлау саласына ерекше ден қою қажет.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов

Хабар 24 телеарнасы