424.86 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Өліп қалды деп ойладым...» Балдырғанды ажалдан арашалап қалған студент

  • 356
  • UPD: 22:26, 12.05.2020

Текелі қаласының 19 жастағы тұрғыны суға батып бара жатқан балдырғанды құтқарып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәурен Жарқынбаев есімді Талдықорған медициналық колледжінің студенті 3 жастағы Ниса Сағатты судан шығарып қана қоймай оған алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

Қаршадай қыздың Қора өзенінде қалқып бара жатқанын Дәурен бауырымен отырғанда байқаған. Алғашында қуыршақ екен деп ойлапты. Бала екенін көргенде бірден сырт киімін шешіп, мұздай суға қойып кеткен. Жауын суымен араласып, ағысы қатты болғандықтан басында балдырғанды  құтқара алмапты. Жағалаумен жүгіре отырып, екінші рет ұмтылғанда ғана Нисаны шашынан ұстап судан шығарып алған.

Дәурен Жарқынбаев, Текелі қаласының тұрғыны:

– Алып шыққан кезде мен ол қызды қайтыс болып кетті екен деп ойладым. Осы жерге алып келіп едім, тамыр соғысын тексере салайын деп ойладым. Соғып тұрды. Ойланбастан тізеге жатқызып, арқасынан соққылай бастадым. Бір тәте кездесті, көмекке түсті ол өкпесінен су шығара бастадық. Өкпесінен су шығарған соң тәте жасанды тыныс алдыру жасады. Сол кезде жылай бастады.

Тіршілік белгісі байқалған соң құтқарушылар балдырғанды көтеріп, жолға қарай жүгірген. Алғашқы кездескен көлікпен баланы қалалық ауруханаға жеткізіпті. Қалтырап жатқан қызды дәрігерлер  жан сақтау бөліміне жатқызып, тиісті ем дом шараларын көрсеткен.

Александр Сидихменов, Текелі қалалық ауруханасының педиаторы:

– Уақтылы көрсетілген құтқару және емдеу шараларының арқасында қыз бала аман қалды. Өкпесіне суық тиген. Жағдайы орташа ауыр.

Өмір мен өлімнің арасында алпарысып, өмір сүруге тағы бір мүмкіндік алған Нисаны бүгін дәрігерлер палатаға шығарды. Біз балақайды рентгенге түсуге бара жатқанда кездестірдік. Әкесінің айтуынша, ол аяғы тайып суға құлап кеткен көрінеді.

Ақылсерік Шумбулов, Н.Сағаттың әкесі:

– Дәуренге алғыс айтамыз. Осындай мықты  жігіт болып жүре берсін. Көп көп рақмет. Біздің қызымызды құтқарған үшін.

Дәуреннің ата-анасы болған жайтты білгенде баласының денсаулығына алаңдапты. Дін аман екеніне көз жеткізген кейін ғана күпті көңілі орнына түскен екен.

Елдос Раев, Д.Жарқынбаевтың әкесі:

– Ана қызды алып шығып, ерлік жасағаны үшін қуаныштымыз. Баламызды мақтан тұтамыз.

Дәуреннің ерлігі атқарушы билік тарапынан ескерусіз қалмады. Шахар әкімі болашақ дәрігерге медицина қызметкерлерінің алдында алғыс хатын табыс етті. Мәслихатқа ұсынып, қаланың құрметті азаматы атағын беруді қарастыратынын жеткізді. Бейбіт күннің батыры өз ісін ерлік емес, азаматтық парызым деп біледі. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы