423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қосшы қоқыстан қашан құтылады?

  • 267
  • UPD: 21:18, 12.05.2020

Елорда іргесіндегі Қосшы ауылы қоқыстан көз ашпай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

70 мыңға тарта тұрғыны бар елді мекенде тұрмыстық қалдықтар төгетін жәшіктер жоқтың қасы. Бары тек, көпқабатты тұрғын үйге тиесілі.

Сондықтан жер үйлердің жұрты жол бойындағы контейнерді қоқыс алаңына айналдырған. Тазалыққа жауапты мекеме мен әкімдіктің өз уәжі бар.

Бұл Қосшыдағы қоқыс. «Алтын орда» аталатын тұрғын үй кешенінің маңы құдды бір қалдық тастайтын алаңға айналғандай деп жұрт назалы. Мәселе былай. Ауылдағы жер үйлердің тұрғындары қоқыстарын осы жәшіктерге әкеліп тастайды. Себебі жеке секторда контейнер бірді-екілі жерде ғана бар. 

Рашид Чепенов, Қосшы ауылының тұрғыны: 

– Әкімдік ешнәрсе істей алмаймыз дейді. Олар мұнда тастамаса, далаға тастайды. Мұнда тастай берсін дейді. 70 мың тұрғын бар. Бүкіл Қосшы тұрғыны осы жерге әкеліп тастап жатыр.

Халық жаппай қоқысын бір жерге үйген соң, жәшік толмай қайтсін.

Ризагүл Бөленбаева, Қосшы ауылының тұрғыны:

– Бір күнде  толып кеткендіктен ол сыртына шашылып жатады.

Тұрғынның айтқанын видеомен көрсетсек, міне. Мынау наубайхана қоқыс жәшігінен таяқ тастам жерде орналасқан.

Бұл контейнер тек көпқабатты үйде тұратындарға арналған. Жан-жақтан келіп жұрт қалдығын тастаған кезде қоқыс әкеткенге төлейтін ақша да еселеніп кетеді.

Жасұлан Қайыржан, Қосшы ауылының тұрғыны:

– Әрбір қоқыстың  бағасы болады. Бұл баға көбейе береді. Сол бағаны олар бізге бөледі. Біздің үйге бөлгендіктен біз қоқысқа көбірек бөлетін боламыз.

Қорған Төреқожа, тілші:

– Жәшіктің қасында қоқыстың шашылып жатқаны өз алдына. жолда келе жатып мынадай жағдайды көрдік. Міне, көшенің шетінде де тұрмыстық қалдық жайылып жатыр.

Мына жерді де мысал ретінде көрсетейік. Жолдың бойы. Жәшіктің айналасы толған қоқыс. Көпқабатты үйдің тұрғындары айтқанды көзбен көрдік. Көліктегілер жеке сектордан келіп, қоқысын тастап, жөнеле берді.

Қосшыда тек көшенің бойы емес, саябақтың өзі қоқыстан арылмайды.

Бұл суреттерді бізге тұрғындардың бірі жіберді. Бықып кеткен соң, саябақты тазалауға халықтың өзі шыққан. Тазартыпты. Мынау қазіргі көрінісі.

Рашид Чепенов, Қосшы ауылының тұрғыны: 

– Әкімдік бұл жер ешкімге қарамайды деді. Содан өзіміз тазалап, бақылауда ұстап жүрміз. Дайын парк. Қосшыдағы жалғыз парк.

Әкімге хабарластық. Мәселені жеткізбек болып. Ержан Жолымбетов айтады: Бұл жер иесіз емес. Саябақ осы жерде орналасқан құқық қорғау органдары академиясына тиесілі. Сондықтан әкімдік бұл маңды аббаттандыра қоймайды.

Қоқысқа жауапты Қосшы тазалық мекемесіне бардық. Басшысы жеке секторға қоқыс жәшігін әкімдік қоюы тиіс деді. Ал көпқабатты үйде тұратындарға мынадай кеңес берді.  

Ерлан Мұстафин, «Қосшы тазалық» мекемесінің директоры  

– «Алтын Орданың» тұрғындары контейнерлерін көшеге қоймай, аулаға кіргізіп, шлагбаум қойып алуы керек. Мұны енді үй салған құрылыс компаниясы істеуі қажет. Жоба бойынша солай болуы тиіс. Сонда ғана жеке сектордағылар қоқыстарын контейнерлерге тастай алмайды. Ал ол жерге біз өзіміздің адамды қарауыл қылып қоя алмаймыз.

Қосшы күн санап өсіп барады. Елді мекен қоқыстан бүгін-ертең арыла қоймасы анық. Сондықтан «Қосшы Тазалықтың» басшысы негізгі көшелерге контейнер қою үшін әкімдікпен уағдаласып жатқанын жеткізді. Яғни, жеке сектор жаққа да жәшіктер қойылып қалуы кәдік. Сол кезде көпқабатты үй тұрғындарының тілеуі орындалмақ.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы