419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде ХҚКО жұмысын бастады

  • 592
  • UPD: 22:35, 12.05.2020

Елімізде халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын жаңа форматта қайта бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Адамдар ғимаратқа кезекпен кіреді. Тек алдын ала өтініш бергендер қабылданады. Бүгін Ақтөбедегі екі бірдей орталық тек қағаз жүзіндегі құжаттарды рәсімдеуге кірісті. Қызметтің 80 проценті электронды нұсқаға көшірілген. 

Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылатынын естіген ақтөбеліктер мекемеге таңнан бастап жинала бастады. Бірақ бұрынғыдай бірден ішке кіре алмады. Есік алдына қойылған темір қоршаудан да өткізілмеді. Нәтижесінде, әр жерде ұзын-сонар кезек пайда болды.

Қамза Тоққожин, қала тұрғыны:

– Паспорт алмастыру үшін келіп тұрмын. 4-і күні келдім, 11 күні ашылады деді. 11-нде келдім, осы жерде тізім болды. Күні бойы хабарластым, таңертеңнен кешке дейін. Енді білмеймін қалай кіретінімді.

Мейрамгүл Жанғанашова, қала тұрғыны:

– Мен паспортқа түсуім керек боп тұр. Енді, интернет білмеймін. Енді суретке түсейін десем ол анық болмайды. Не істей аламын енді.? Қайта-қайта келе беретін жолға ақша  жоқ.

Жиналған тұрғындармен кездескен ұйым мамандары мен полиция қызметкерлері бұдан былай орталықтың жаңа жүйе бойынша жұмыс істейтінін жеткізді. Яғни, енді мекеме арқылы мемлекеттік қызмет түрін алғысы келген адам мұнда келмес бұрын алдын ала жазылуы керек. Ол үшін бірыңғай ақпарат орталығы немесе «егов.кз» порталы арқылы тіркелуі қажет. Сонда ғана ешқандай кедергісіз кіріп, шаруасын бітіре алады. Бірақ бетперде тағу – маманға да, келген адамға да ортақ талап.

Елік Сәбитов, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕҰ №2 бөлімі басшысының орынбасары:

– Келген халықтың барлығына арақашықтықты сақтаңыздар деп айтылып жатыр. Дегенмен де барлығын бірдей түсіне беру қиын. Сол себепті бәріне осы тәртіпті, қолғаппен жүру, маска режим жойылған жоқ деп ескертіліп жатыр.

Бұған дейін Ақтөбеде мамандандырылған арнайы қызмет көрсету орталығы жұмысын бастап еді. Ал бүгін екі бірдей бөлім істерін қайта жандандырды. Сәйкесінше, бір жарым ай бойы қашықтан онлайн қызмет көрсеткен мамандардың барлығы жұмысқа шықты. Ал 1414 телефон желісі және бейнебайланыс арқылы кеңес беру жалғаса береді.

Гүлзат Набатова, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕҰ №1 бөлімі басшысының м.а.:

– Бүгінге дейін заңды тұлғаларға қызмет көрсетіп келсек, ал бүгіннен бастап жеке тұлғалдарға да көрсетілетін болады. Оның ішінде 600 қызмет түрінің 97-сі қағаз түрінде көрсетіледі. 80 пайыз қызмет түрі «Егов.кз» порталы арқылы жүреді.

Мамандардың айтуынша, орталықтар ашылған күні-ақ, тұрғындардың көптеп келуін түсінуге болады. Бірақ алдағы бірер тәулікте барлығы да жаңа жүйеге бейімделетініне сенімді. Ал қаладағы басқа да халыққа қызмет көрсету орталықтарының қашан ашылатыны әзірге белгісіз.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы