Петропавлдық балалар балабақшаға барды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Карантиндік тәртіптің жеңілдеуіне байланысты бір жарым айдай тоқтап тұрған 50-ден астам мектепке дейінгі білім беру мекемесі қайтадан ашылды. Әзірге тек мектептердегі шағын орталықтар жабық тұр. Қазір жұмыс істейтін ата-аналардың балалары ғана қабылданады. Кезекші топтар да 15 адамнан аспауы тиіс. Сабақтар барынша далада өтеді. Білім бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, ғимараттарда сақтық шаралары қатаң сақталған. Алайда бұл уақытша шектеу. Мамырдың 18-інен бастап барлық балабақша бұрынғыдай жұмыс істейтін болады.
Әсем Құрманқұлова, балабақша әдіскері:
– Топтардағы жатын бөлмелердегі кереуеттер ұсыныстарға сәйкес 1 метрден кем емес қашықтықта қойылды. Балалар далада жүрген кезде дизенфекциялық шаралар жасалды. Топтың терезелері ашылып, желдетулер жүргізілді.