418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәжілісте ойын бизнесі мәселелеріне арналған заң жобасы мақұлданды

  • 230
  • UPD: 12:01, 13.05.2020
Мәжілісте ойын бизнесі мәселелеріне арналған заң жобасы мақұлданды

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасы Қазақстан Республикасының ойын бизнесі саласындағы қолданыстағы заңнамасының нормаларындағы олқылықтарды жою, сондай-ақ заңнамалық шектеулерді айналып өтуге мүмкіндік беретін ережелерді алып тастау жолымен жетілдіру мақсатында әзірленді.

Құжат букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметін реттеу мен бақылауды жетілдіруге, құмар ойындар мен бәс тігуге тартылатын және тәуелді азаматтардың санын қысқартуға бағытталған.

«Заң жобасының жұмысына мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері және министрлікте құрылған жұмыс тобы аясындағы қоғамдық ұйымдардан сарапшылар қатысты. «Ойын бизнесі туралы» заңда: құмар ойындар мен бәс тігуге қатысудан өзін-өзі шектеу тетігі енгізіледі. Уәкілетті мемлекеттік органдарды букмекерлік кеңселер мен ойыншылардың арасындағы ақша операциялары туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ бәс тігуге қатысудан шектеу тетігін іске асыру үшін ставкаларды есепке алу орталығын құру көзделеді», - деді Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Бұл ретте ставкаларды есепке алу орталығында букмекерлік кеңсеге қолма-қол немесе электрондық төлем жүйелері арқылы түсетін барлық төлемдер ескерілуі тиіс. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға түсетін барлық төлемдердің бірыңғай есебі көлеңкелі айналымды болдырмауға, салықтардың жиналуын арттыруға, бақылауды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек Қазақстанда букмекерлік кеңселер тек спорттық оқиғаларға ставкалар қабылдауға міндеттеледі.

«Оқиғаның нәтижесіндегі ашықтықты және ойыншылардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында букмекерлік кеңселерге тек спорттық оқиғаларға ставкалар қабылдау міндетін белгілеу ұсынылады», - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, Парламент Мәжілісінде заң жобасы жұмыс тобының 12 отырысында талқыланды, онда депутаттар 150-ден астам түзетулер енгізіп, оның мазмұнын жақсартты.

«Заң жобасын қабылдау заңнамадағы олқылықтарды жоюға, құмар ойындар мен бәс тігуге қатысушылардың құқықтарының кепілдігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ бюджетке түсетін түсімдерді арттыруға мүмкіндік береді», - деп нақтылады министр.

Хабар 24 телеарнасы