428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да 26 мектеп күрделі жөндеуден өтеді

  • 441
  • UPD: 14:07, 13.05.2020

Батыс Қазақстан облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 26 мектеп күрделі жөнделмек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған қоса «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша тағы 4 білім ордасы жаңартылады. Сала басшылары кең ауқымды құрылыстың жаңа оқу жылына дейін уақтылы аяқталарына сенімді. Себебі барлық нысанда қазірдің өзінде жөндеу жұмыстары басталып кетті.

Оралдың орталығында орналасқан №21 мектептегі наурыздың ортасынан бері мүлгіген тыныштық бүгін бұзылды. Тек тыныштықты балалардың күлкісі, қоңыраудың сыңғыры емес, құрылысшылардың балта-балғасының дыбысы бұзды. 1973 жылы салынғаннан бері күрделі жөндеу көрмеген білім ордасы жаңа оқу жылын жаңартылған кейіпте қарсы алмақ.

1350 орынға арналған білім ордасында бүгінде мың жарым бала оқиды. Жарты ғасырға жуықтаған ғимараттың жылыту жүйесі әбден тозғандықтан, аязды күндері мектеп іші тез суып кетеді екен. Кәріз құбыры да апатты жағдайда. Су тұрбалары да шіріп бітіпті.

Лаура Шаркөбенова, №21 мектеп директоры:

– Былтыр жобалық-сметалық құжат жасағанда, осының бәрі ескерілді. Барлық инженерлік желісі жаңартылады. Одан бөлек, шатыры, едені ауыстырылады. Жоба бойынша құрылыс құны 630 млн теңге болса, мердігер компания 524 млн теңгеге ұтып алды. Жаңа оқу жылына дейін жөндеу аяқталады.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша биыл өңірде 26 білім ордасы күрделі жөндеуден өтпек. Бұдан бөлек «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында тағы 4 мектеп жаңартылады. Мамандардың мәлімдеуінше, мұндай кең ауқымды құрылыс жұмыстары бұрын-соңды болған емес. Мәселен, былтыр облыста тек 3 мектеп жөнделген.

Айымгүл Тұржанова, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Оған республикалық бюджеттен 8 млрд 245 млн теңге бөлініп отыр. Жалпы облысымыз бойынша 86 мектеп күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. Жұмыстар басталып кетті аудандарда. Күрделі жөндеу маусым айының ортасында басталатын еді. Биыл ерте. Осы карантинді пайдаланып, бірінші қыркүйекте оқу жылын бастауға дайын боламыз.

Күрделі жөнделетін 30 мектептің 3-і облыс орталығында болса, қалғаны аудандарда. Соның бірі – Теректі ауданы Ақсуат ауылындағы білім ордасы. Мұндағы құрылыс жұмыстарына 33 жергілікті азамат тартылыпты. Ал жалпы өңірде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 8700 тұрғын екі қолға бір күрек таппақ. 

Ақылбек Ғұбаев,  Теректі ауданы Ақсуат ауылының тұрғыны:

– Ремонт кезінде осы қызметке тартылдым, ешқайда шығын жоқ. Әрі түскі тамаққа үйге барып келеміз.

Сондай-ақ өңірде үш ауысымдағы және апатты жағдайдағы 20 мектеп бар. Оқушы орны тапшылығын жою мақсатында күні бүгін 4 мектептің құрылысы жүріп жатса, тағы 3 білім ордасының құрылысы биыл басталмақ.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы