418,35 495,02 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада шомылу кезеңі маусым айында басталады

  • 221
  • UPD: 23:18, 13.05.2020

Елордада суға шомылу маусымы келер айда басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өкінішке қарай, соңғы 3 жылда қала акваториясында 43 адам суға кеткен. 50 адам құтқарылды, оның 14-і бала. Төтенше жағдай тәртібі кезінде ереже бұзу фактісі тіркелген жоқ. Қазір құтқарушылар шомылу маусымына дайындықтарын пысықтап жатыр.

Статистикаға сүйенсек, суға бату жағдайларының 80%-і азаматтардың мас күйінде және тыйым салынған орындарда шомылуы себебінен болып отыр. Тексеру комиссиясының қорытындысы бойынша бас шаһарда жалпы 23 шомылу орны анықталды. Оның ішінде 3-уіне ғана рұқсат. Олар – «Орталық жағажай», «Үш пескар» және «Астаналық аула» демалыс аймақтары. Қалған 20 орынға тыйым салынған. Осыған байланысты биыл қосымша 10 учаскеде тегін жағажайлар ашылуы мүмкін.

Бауыржан Сыздықов, қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

- Қазақта жақсы сөз бар, өздеріңіз білесіздер. «Судың сырын білмесең, суға түспе, қырын білмесең, нуға түспейді» дейді. Сол үшін бейтаныс жерге барып түседі. Сол да себеп болып отыр. Соңғы 3 жылдың өзінде өкінішке қарай, қалада 43 адам суға кетіп, қайтыс болып отыр. Оның ішінде 9 жас пен 15 жас аралығындағы балалар. Соның әрқайсысының үшеуін құрайды. Демек, 14-15 бала суға кетіп отыр.

Жалғас Болатұлы соңғы 3 жыл бойы сүңгуір-құтқарушы болып қызмет етеді. Өзі сияқты қатардағы әріптестерін де бүгінгі күннің батырлары деуге әбден болады.

Жалғас Болатұлы, сүңгуір-құтқарушы:

- Мен өткен жылы, қателеспесем, 2018 жылы осы көктем уақытында 2 жасар баланы судан шығардым. Балабақшада ойнап жүрген 2 жасар бала шығып кеткен есіктің алдына. Сосын осы Есіл өзеніне түсіп кеткен. Соны көріп, жүгіріп барып, мұз еріп жатқан кез көктемде. Судан шығарып, алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдемге хабарласып, оларға бердік.

Өткен аптадан бері жүзуге тыйым салатын 60 белгі мен 6 ақпараттық стенд орнатылды. Құтқарушылар шомылу орындарының түбін тексерді. Жағажайлардағы кезекшілікке жеке құрамның 20 қызметкері, 14 қайық пен су гидроциклі, 30 қоғамдық құтқарушы мен Азаматтық қорғаныс орталығынан 15 ерікті жұмылдырылды.

Айта кеткен жөн, шомылуға қолайлы су температурасы +18, ал ауа температурасы +22 градус болуы керек.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы