425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда кейбір кәсіпорын жұмысын жалғастырды

  • 319
  • UPD: 08:17, 14.05.2020

Вирустың таралуына байланысты жабылған кәсіпорындар кезең-кезеңімен жұмысын жалғастырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Негізгі талап – қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ішкі карантин ережелерін мұқият сақтау.

Алматыдағы асфальт-бетон өнімдерін шығаратын заводтың кіре берісіндегі көрініс қазір осындай. Жұмысшылар завод аймағына бір-бірден ғана кіреді. Табалдырыққа дезинфекциялық сұйықтық құйылған кілемше төселген. Өйткені, вирус аяқ-киімге жабысып келуі мүмкін. Дене қызуы міндетті түрде тексеріледі. Ал антисептик шашатын кабинаның астынан өту завод қызметкерлері үшін таңсық дүние. 

Руфат Хамидуллин, жұмысшы:

– Жұмыс кезінде әріптестердің арақашықтығы аз дегенде 3 метрдей қатынаста жұмыс істейміз. 2 сағат пен 3 сағаттың ортасында маска ауыстырып тұрамыз.

Заводтың жұмысы тікелей жол жөндеушілерге байланысты. Сұраныс болмаған соң өнім күрт азайған. Сондықтан 655 адамның 450-ін демалысқа жіберуге мәжбүр болыпты. Бірақ кәсіпорын қызметкерлеріне  42500 теңгеден төлеп отырған. Наурыз бен мамырдағы мерекелерге де ақшалай көмек беріпті.

Варис Исламов, асфальт-бетон өндіретін заводтың бас директоры:

– Сәуір айында тәулігіне 200-300 тонна ғана өнім өндірдік. Қазір шамамен 4 мың тоннаға жуық асфальт және бетон шығарып отырмыз. Карантин талаптары сәл жеңілдеп, жол жөндеушілер жұмысқа шыққалы бері біздің заводымызда жандана бастады.  

Ал бұл Алматыдағы дәрі жасайтын ірі фармацевтикалық фабриканың бірі. Маңызды нысан болғандықтан жұмысын тоқтатпаған.   

Ұлан Нарынбек, тілші:

– Бұл жерде тазалыққа деген талап әу бастан өте қатал. Қызметкерлер өндіріс цехына кіргенге дейін үш кезеңнен тұратын дезинфекциялық шаралардан өтеді.

Дегенмен фабрика ішінде карантин талаптарын қамтамасыз ету үшін жұмысшыларының 30 пайызын ақылы демалысқа жіберген. Тағы 150 адам қашықтан жұмыс істеуге ауыстырылған. Әйтеуір карантин уақытында  өндірісті баяғы қалпында ұстап тұруға автоматты құрал-жабдықтар көп септігін тигізіпті.  

Светлана Киль, фармацевтикалық фабриканың атқарушы директоры:

– Осы жылдың басында біз жаңа құрал-жабдықтар алған едік. Сол қуатты блистерлі машиналардың арқасында аз адаммен бұрынғы өнім көлемін сақтап қалдық. Бұрын бұл жұмыстың барлығы қолмен істелетін. Таблеткаларды кептіруге 5-6 сағат кететін. Ал жаңа миксер небәрі 30 минутта құрғатады. 

Фармацевтикалық фабриканың да, асфальт-бетон жасайтын заводтың да жұмысшыларының көбі Алматы облысында тұрады екен. «Коронавирустың таралуы тоқтаса олар қайтадан жұмысқа кіріседі», – дейді кәсіпорын басшылары.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы