432,23 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері шу шығарды

  • 370
  • UPD: 08:20, 14.05.2020

Ақтауда көлік жолдарының күтіміне жауапты коммуналдық кәсіпорыннан тағы да шу шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолғы мәселе қызметкерлерге қосымша жұмыстардың жүктелуінен туындаған. Бұған дейін 600-ден астам қыз-келіншек тек қалаішілік жолдарды сыпырып, бордюрларды тазалап келді. Ендігі кезекте терең ор қазып, гүлзарларды да суғарып жүр. Ал жалақының көлемі 67 мың теңгеден өзгермеген. Сол себепті мамыр мерекелерінен соң тұтас бір бригада жұмысқа шықпай қалады. 

Кеңсе алдында жиналған қызметкерлеріне басшылық басу айтып әлек. Директор алдында тұрған әйелдердің бірі осы мекемеде учаске бастығы, енді бірі  учаске шебері қызметін атқарады. Өткен мереке күндері ұжым түгелдей жұмысқа шығуы тиіс болған. 6-9 мамыр аралығында қызметкерлер өз міндетін тап-тұйнақтай орындаған. Келесі күні әбден шаршаған қыз-келіншек демалыс сұрапты.

Дәмегүл Санақаева, коммуналдық мекеменің учаске шебері:

– Сол демалысты біздер өзіміздің чат арқылы басшыларға біз жаздық. Біздің үстімізден қарайтын Саудабаева Құндыз деген учаске бастығымыз жақсы деді. Бірақ үлкен директоры ол чатты оқымаған. Келесі күні біз ескерттік деп демалысымызға қалдық. Сол күннің ертесіне бастық біздерді жұмысқа шығармай қойды. Сіздер жұмыстан боссыз деген соң бұл айқай ушығып кетті.  7-9 мамырға, яғни, демалысқа төленетін үстемақы қолымызға уақытында берілмеді де. Бір жағынан жұмысшылардың сөзі түрткі болды.

Осы дүйсенбіде жұмысқа шыққандарға директормен кездесудің сәті түспепті. Абдыраған көпшілік ғимарат ауласында шу көтереді. Серіктестік басшысы келесі күні қара көрсетіп, ұжымдастарын мәмілеге шақырған. Біз ішке кірген сәтте оның жұмыс кабинетінде біраз адам отырды. Яғни, арадағы келіссөздердің әлі де жалғасып жатқанын түсіндік. 

Абай Қожабаев, серіктестік директоры:

– Мереке күндері алдында біз учаске шеберлерін жинап, жалақы және оған үстемақы қосылатынын айттық. Алайда кадр бөлімі мамандарының 7-9 мамыр аралығында демалыста болуына орай ақшаны қызметкерлерге беріп үлгермедік. Осы себепті ұжымда түсінбеушілік орын алды. Қазір мәселе толық шешілді. Біз ешкімді жұмыстан шығармаймыз. Мамыр айынан бастап жалақы мөлшері 10 процентке өседі.

700-ге жуық қыз-келіншек күнделікті қызметін екі топқа бөлініп атқарады екен. Біріншісіне қала ішіндегі көлік жолдарының күтімі жүктелсе, келесі топ орталық көшелерді тазалайды. Бұған қоса арық қазып, гүлзарларды суарып, тыңайтқыш шашуға да жұмылдырылып келеді. Осы еңбегіне айлыққа қосымша сыйақы төленеді. Жалақы көлемі өскен соң әлгіндей мәселе болмауы керек. Келешек қайтаналанбауы үшін қала әкімдігінен арнайы комиссия құрылып, мән-жайы анықталып жатыр.

Қайрат Ақыбаев, қалалық ТКШ бөлімінің бастығы:

– «Қала жолдары» мекемесі 2018 жылдың аяғында сенімгерлік басқаруға конкурс негізінде бес жылға берілді. Сол екі жылдың ішінде бұл мекеменің қаржылық жағдайы бұрынғыдан әлдеқайда жақсарды. Қазіргі таңда салыққа да берешектері, сонымен бірге басқа да берешегін қысқарту жағынан жұмыстар жүргізілген. Бұл ұжымда санитарлық тазалықпен айналысатын 20-ға жуық бригада бар. Соның ішінен бір бригаданың арасында туындаған наразылықтың себебінен болған. Кәсіподақ ұйымы бар, еңбек департаменті бар солардың қатысуымен комиссия құрылып, қазіргі таңда жұмысын бастап кетті.

Аталған комиссия өз жұмысын шамамен 7-10 күнде аяқтауы тиіс. Бұдан шыққан қорытынды қазіргі жұмысы қалыпты күйге түскен мекеме ұжымына хабарланады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы