417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ертіс өзенінің бойына жүк айлағын салмақ болған кәсіпорынға қатысты мәселе ушығып барады

  • 525
  • UPD: 19:57, 14.05.2020
Ертіс өзенінің бойына жүк айлағын салмақ болған кәсіпорынға қатысты мәселе ушығып барады

Павлодар облысында Ертіс өзенінің бойына қиыршықтас үйіп, жүк айлағын салмақ болған кәсіпорынға қатысты мәселе ушығып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Экологиялық кодекс талаптары бойынша қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды. Дегенмен шара өткізілмеген деп танылды. Видеобайланыс форматында өткен тыңдауға 30 маман қатысты. Олардың қатарында қоғамдық ұйым, жауапты мемлекеттік мекемелердің өкілдері мен экологтар болды. Эколог мамандар айлақ жұмысына қатысты көптеген заңбұзушылық анықтап, ескертулер жасады. Сондай-ақ шұғыл түрде жоюды талап етті. Мәселен, ерекше қорғалатын аумақта қандай да бір жұмыстарды бастамас бұрын қоршаған ортаға зиянын анықтау үшін жоба ұсынылуы шарт. Бұл жайт ескерілмей қалған. Сарапшылардың айтуынша, жобаны қайта қарастыру керек. Экологиялық кодекс талаптары толық орындалғаннан кейін ғана тыңдаулар өткізіледі. Бұған дейін жеке кәсіпорын Ертіс өзенінің жағасына қиыршық тас үйіп, жердің құнарлы қабатын бұзған. Табиғат қорғау прокуратурасының ресми жауабында кәсіпорын өкілдерінің әрекеті заңсыз делінген.

Мадина Балтабаева, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы:

– Өзен жағасында жүк айлағын ұйымдастыру жөніндегі қоғамдық тыңдаулар өткізілмеген деп танылды. Себебі бұл жобада құнарлы топырақ пен қоршаған ортаға келтірілетін әсер тиісті деңгейде бағаланбаған. Осы тектес көптеген ескерту айтылды. Алдағы уақытта жоба қайта әзірленуі тиіс.

Светлана Могилюк, тәуелсіз эколог:

– Ұсынылған құжатта жайылымдық жерде ағаштар мен өсімдік өсетін топырақ қабаты жоқ деп айтылған. Сонымен қатар өзен жағасы ерекше қорғалатын аумақта екені ескерілмеген. Ал «Экологиялық салдар жөніндегі өтініш» атты құжатта жердің пайдалануы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Яғни қоғамдық бірлестіктерге шынайы ақпарат берілмеген. Сәйкесінше, мәселе де толыққанды талқыланбады.

Хабар 24 телеарнасы