425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бейбіт жиынға қатысушылар енді бетперде таға алады

  • 345
  • UPD: 21:05, 14.05.2020

Бейбіт жиынға қатысушылар бетперде таға алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Заң жобасындағы бұл норма алынып тасталды. Адам денсаулығына байланысты қорғаныш құралын пайдалануы мүмкін дейді сенаторлар. Бүгін Парламенттің Жоғарғы палатасы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заң жобасына түзетулер енгізіп, Мәжіліске кері қайтарды.

Бұл заң жобасы ұзақ талқыланды. Қоғам белсенділері ұсыныс айтты. Түрлі сала мамандары пікір білдірді. Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар да араласты. Жобаны әзірлеген Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұсыныстардың біразын ескеріп, түзетулер енгізіп отырды.

Саясаттанушы Ерлан Саировтың айтуынша, бұл заң қоғамдық-саяси үдерісті реттеу үшін маңызды.

Ерлан Саиров, саясаттанушы:

– Қоғамның бір бөлігі бұл заңның кейбір аспектісіне ренішін білдіріп жатыр. Осы тұрғыда Сенаттың бұл заңды қайтадан Мәжіліске қайтаруы бүгінгі таңда біздің елімізде демократиялық процестердің дамып жатқанын көрсетеді.

Сенаторлар 6 бап бойынша 16 ұсыныс айтты. Негізгілеріне тоқталсақ. Бейбіт жиын өтетін арнайы орындар қаланың орталығында болуы тиіс. Және мұндай орын үшеуден кем болмауы керек. Митингті қатысушылар күш қолданып, бүлік шығарған кезде ғана тоқтатуға болады. Ал өзге заңбұзушылықтар дер кезінде жойылса, жиынды жалғастыруға рұқсат етіледі.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Бейбіт жиынға қатысушыларға жеке қорғаныш құралдарын қолдану қажет болған жағдайда пайдалануға рұқсат берілді. Бұрыңғы заң жобасында тыйым салынған еді. Бұл бейбіт жиынға қатысатын азаматтарымыздың денсаулығын сақтауға деген құқығын пайдалануға мүмкіндік беретін норма деп есептейміз.

Қолданыстағы заңда митинг пен пикеттің және өзге де жиындардың ара жігі ажыратылмаған еді. Ал жаңа жобада жіктеп жазылған. Сондай-ақ пикет пен азғантай адам жиналатын бейбіт митинг ұйымдастыру кезінде ескертумен шектелуге болады. Атқарушы органдардан жауап болмаса, өткізуге тыйым салынбайды. Жалпы кез келген жиында қоғамдық тәртіп сақталуы тиіс. Өзгелердің өмірі мен денсаулығына қауіп тудыратын жағдайларға жол берілмейді. Нәсілдік, ұлттық, әлеуметтік және діни алауыздыққа тыйым салынады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Бұл заң жобалары еліміздің дамуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Сондай-ақ аталған жоба саяси үдерістерді одан әрі дамытуға адам құқықтарын қамтамасыз ету, және демократия жолында жасалған нақты қадам деп айтуымызға толық негіз бар. Сондықтан аталған заң жобасы ел игілігіне қызмет етеді деп сенеміз.

Жаңа жобада «жүргізуші» мен «қатысушы» статусы сияқты жаңа ұғымдар бар. Сондай-ақ бейбіт жиында өз ойын ашық білдіруге, суретке түсіріп, бейнетүсірілім жасауға да рұқсат етілген. Министрлік өкілдері митингілер өткізуді реттейтін заң жобасы халықаралық стандарттарға сай жасалғанын айтады.

Авторы: Ақсәуле Байменшина

Хабар 24 телеарнасы