419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде азық-түлік бағасы қымбаттады

  • 463
  • UPD: 21:07, 14.05.2020

Ақтөбеде карантин режимі енгелі көкөніс құны шарықтап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пияздың бағасы соңғы бір айда 39,7 процентке өссе, картоп пен сәбіз орташа есеппен 17 процентке қымбаттаған. Билік өкілдерінің бағаны тұрақтандырудағы іс-әрекеттері де бақша дақылдарының құнын ұстап тұра алмады.

Базарлар мен ірі сауда орындары жабылғалы шағын дүкендер мен супермаркет желілерінің асығы алшысынан түсіп тұр. Қасынан өткен кез келген жан бас сұқпай өтпейді. Бірақ көпшілік тек негізгі қажетті тауарды алуға тырысып жүр. Себебі көптеген мекеменің қызметі тоқтағалы, тұрғындардың табысы да тақыл-тұқыл.

БЛИЦ:

– Қазір қайтадан қалыпқа келіп жатырмыз. Бұған дейін жұмысымыз тоқтап, табысымыздан айырылған едік. Бірақ жалақымыздың 40 процентін азық-түлікке жұмсаймыз. Оның өзінде тек негізгі қажетті тауарға ғана кетеді. Соңғы 2-3 бағаның өскендігі тіптен қатты сезілуде.

– Барлық азық-түлік қымбаттаған. Міне 3200 теңгеге тек екі бөтелке күнбағыс майы мен 250 грамм сары май, 20 түйір жұмыртқа ғана сатып алдым. 

– Мына басшылардан сұрау керек. Барлығын бақылап отырмыз дейді. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Көкөніс те, макорон өнімдері де, ет те, барлығы қымбат. Тек жергілікті сүттің бағасы өзгермеген.

Нарықтағы бұл жағдайды «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері де байқаған. Тұрақты түрде жүргізілген рейдтік шаралар барысында карантин басталғалы бағаның бассыз кеткендігін көрсетті. Статистика департаменті мамандары оның себебін шекараның жабылып, сырттан келетін тауар көлемінің күрт төмендеуімен байланыстырады. Сұраныстың өсіп, қажетті өнімдердің қат болуы саудагерлер мен алыпсатарларды еркіне жіберген.

Шара Нұрпейісова, облыстық статистика департаментінің басқарма басшысы:

– 2020 жылдың сәуір айында өткен аймен салыстырғанда облыс бойынша қанттың 9,8 процентке қымбаттағаны тіркелді, қарақұмық 4,5 процентке, күріш пен сүзбе бағасы 0,6 процентке өскен. Ал көкөністен картоп 18,8 процентке, пияз 39,7 процентке, сәбіз 16,4 процентке қымбаттады.

Көкөністің бұл уақытта қымбаттауын мамандар маусымдық деп түсіндіреді. Бірақ бұл кезеңде бағаны ырықтап, қалың бұқараның қалтасы көтерердей етуді облыстық әкімдік мойнына алған. Жыл сайын тұрақтандыру қорына миллиондаған қаражат бөлініп, жүздеген тонна өнім сатып алынады. Билік өкілдерінің айтуынша, қазір де бұл қоймалар картоп пен өзге де әлеуметтік маңызы бар тауарларға толы.

Нұрсұлтан Исенбайұлы, облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

– Азық-түлік қоры жеткілікті деп есептеуге болады. Өйткені бізде 221 тонна қант бар, 31 тоннадан астам күнбағыс майы бар, сонымен қатар картоп және көкөніс өнімдері бар. Тұрақтандыру қорының бүкіл азық-түліктері бүкіл облыс бойынша барлық аудандарда жүзеге асырылуда.

Облыс орталығындағы қоймада сақталған өнімдер қазір аудандарға жөнелтілуде. Бірақ Ақтөбенің өзінде бірде-бір сауда орнынан таба алмайсыз. Себебі коммуналдық дүкендердің барлығы жабық тұр. Бұл орайда карантиндік тәртіптің реті түсініксіз. Шағын азық-түлік дүкендеріне жұмыс істеуге рұқсат бар болғанымен, арзандатылған тауар сататын арнайы дүкендердің есігінде құлпы ілулі.

Жанболат Тұртаев, «Aqtobe – adaldyq alany» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Осыдан 2-3 апта бұрын картоптың бағасы 100-120 теңгеге дейін баратын болса, қазіргі кезде 185 теңгеге дейін көтеріліп кеткен. Халыққа қазір коммуналдық дүкендерді қайтадан аштырту керек. Соны аштырып, қоймадағы заттардың барлығын халыққа қажетті бағада саттыру керек.

Дүкендердің бағасы өз жайымен кеткеніне қарамастан жергілікті билік тұрақтандыру қорын толықтыруды жалғастыруда. Қазір ауылшаруашылығы тауарын өндірушілермен фьючерстік келісімшартқа қол қойылыпты. Диқандар мен бағбандар күз келе жергілікті өнімге қарық қылуды мойнына алған. Жалпы биыл тұрақтандыру қорына азық-түлік сатып алуға 80 миллион теңге қаржы жұмсау жоспарланған.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы