419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мұнайлы ауданында халыққа қызмет көрсету орталығы іске қосылды

  • 1125
  • UPD: 08:14, 15.05.2020
Мұнайлы ауданында халыққа қызмет көрсету орталығы іске қосылды

Маңғыстау облысындағы 160 мың адам тұратын Мұнайлы ауданында халыққа қызмет көрсету орталығы іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда қауіпсіздік шаралары қатаң сақталған. Ал, кезек күтіп, уақыт жоғалтқысы келмейтін тұрғындар үшін өзіне өзі қызмет көрсету секторлары дайын тұр.

Атамекен ауылдық округі Ақтаудың іргесінде орналасқан. Ал, халыққа қызмет көрсету орталығы болса, Маңғыстау селосында тұр. Яғни, өзіне қажетті анықтаманы алуы үшін екі ортада сабылып жүру халыққа тиімсіз. Бұл ретте ауыл мектептерінде ашылған өзіне өзі қызмет көрсету секторлары мәселені шешуге сеп болуда. Мұндай орындардан электронды кілті бар азамат 40-тан астам мемлекеттік қызмет түрін өз бетімен ала алады.

Бибі Дәрібаева, Атамекен ауылының тұрғыны:

- Мұнайлы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы алыс болғандықтан, біздер осы №12 орта мектепке келіп, керек анықтамаларымызды шығарып аламыз. Қазір өзіме «Сотталмаған» деген анықтаманы шығарып алып тұрмын. Біздерге ыңғайлы әрі жақын.

Мұндай секторлар Мұнайлыдағы 14 білім беру мекемелерінің барлығында жұмыс істеп тұр. Жұмыс күндері кез келген азамат үйіне жақын тұрған мектепке барып, жеке шаруасын шеше алады. Ал, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының алдында күнұзақ кісі қарасы толастамайды. Мамандардың айтуынша, өткен төрт айда 31 мыңнан астам әртүрлі құжат жасалып, азаматтарға берілген.

Жадыра Шалабаева, «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ филиал баспасөз хатшысы:

- Ал, осы күнге дейін 29 мың құжат қабылданған. Карантин уақытында 700-ден астам құжат табысталды. Оның ішінде әртүрлі құжаттар болды. Мысалы, туу туралы куәліктер көп берілді. eGov-тағы біздің қызметіміздің 80%-і электронды түрде қолжетімді. Оларды адамдар онлайн түрде тапсырды да, дайын болған соң осы жерден алып кетті. Бүгін ашылғалы бері Мұнайлы ауданының 60 тұрғыны өздерінің төлқұжатын жаңартты.

18 мамырда Түпқараған мен Қарақия ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады. Аяқтай келіп, уақыт жоғалтпауы үшін азаматтарға 1414 нөміріне хабарласу арқылы анықтаманы үйден алған тиімді. Жалпы аймақта карантин жарияланғалы бері маңғыстаулықтар электронды үкімет порталы және мобильдік қосымшалар арқылы 13 мыңнан астам мемлекеттік онлайн қызметті алған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы