418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Төлеби ауданындағы тасқыннан зардап шеккен халыққа қандай көмек көрсетіліп жатыр?

  • 263
  • UPD: 11:00, 15.05.2020

Төтенше жағдай жарияланған Төлеби ауданы Қасқасу елді мекеніндегі тасқын су шайып кеткен төрт көпірдің екеуі толық қалпына келтірілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін қалған екі көпірді жөндеу жұмыстары жалғаспақ.

Диктор:

- Қазір осы өңірдегі тілшіміз Жандос Жұмабек бізбен телефон арқылы байланысқа шықты. Жандос, өңірдегі ахуал қалай? Жауын тоқтады ма?

Жандос Жұмабек, тілші:

- Бүгін Түркістан облысында күн ашық. Тұнық ауа райы сақталып отыр. Бұл да болса, құтқарушылардың жұмысына оң септігін тигізері анық. Қазір су шайған өңірде жергілікті маңызы бар екі көпірді толық ретке келтіру жұмыстары тынымсыз жүргізілуде. Кеше кешкісін екі өткел толық ретке келтіріліп, ауылдардың байланысы ашылған болатын. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың мәлімдеуінше, Қасқасу елді мекеніндегі су шайған құбырларды да қалпына келтіру жұмыстары басталып кеткен. Қажетті техникалар жұмылдырылып, материалдар жеткізілуде. Сондай-ақ бұл жұмыстарға 20 техника және 21 жұмысшы жұмылдырылған.

Сонымен қатар Төлеби ауданының Қасқасу, Кенесарық, Қосағаш, Екпінді, Біркөлік, Киелітас, Достық және Леңгір қаласының аумағында орналасқан елді мекендерінде жаңбыр суы жиналғаны анықталып отыр. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, тасқыннан аталған елді мекендерден өтетін аудандық маңызы бар жолдар мен ауыл көшелерінен бөлек, бірқатар облыстық маңызы бар жолдарға да зақым келген. Қазір шығын көлемі есептелуде.

 

Хабар 24 телеарнасы