420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ойын алаңдарын орнатуды өтінген тараздықтардың талабы желіде қызу талқылануда

  • 465
  • UPD: 14:41, 15.05.2020

Тараз тұрғындары «қалада ойын алаңдары жетіспейді» дейді.

Қазіргі қолданыстағы алаңқайлардың көбі сонау 80-жылдары салынғандықтан, сау-тамтығы қалмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан асыр салып ойнайтын қауіпсіз жер таппаған балалар көшеде құр сенделіп жүретін көрінеді. Аулаға ең болмаса әткеншек пен сырғанақ орнатуын өтінген тараздықтардың талабы әлеуметтік желіде де қызу талқыланып жатыр. Жергілікті билік оларға құлақ асты ма?

10-шы шағын ауданындағы ойын алаңқайы осыдан 30 жыл бұрын салынған екен. Содан бері бір жөндеу көрмеген әткеншектің тек майысқан бағаны қалған. Тараздағы аулаішілік орындардың көпшілігі осындай жағдайда. Тұрғындар әсіресе, бетон туннельдерден қауіптенеді. Жөні түзу ойын құралдары болмағандықтан балалар талға өрмелеп, бұтағымен сырғанайды екен.

Қарлығаш Амангелдина, қала тұрғыны:

- Бұл жерде 1987 жылдан бері ешқандай жөндеу жүрмеген. Бұл жерде тек машина тұрады, ал балалардың ойнайтын жері жоқ. Қайда жіберетінімізді білмейміз. Мына бетондарды алып тастаса, ішінің бәрі қоқыс. Ешкімге керек емес, ешкім қарамайды. Осы жерге балалар ойын алаңын салса деп өтініш білдіремін.

Шоқан Рзақұлов, қала тұрғыны:

- Өзім 2004 жылы көшіп келгенмін. 3 балам осы аулада ойнап өсті. Мына бетон, темірлер не үшін тұрғанын білмеймін. Темірден өткен аптада кішкентай бала құлап, мойнын ауыртып алды көршінің баласы. Бәрін шығарып тастап, балаларға ойын алаңын салып берсе жақсы болар еді. Ашық-тесік жатқаннан кейін автотұраққа айналып кеткен.

Балалар алаңының жетіспеушілігі әлеуметтік желіде тұрақты талқыланатын тақырыпқа айналған. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандарын тұрғындар сұрақтың астына жиі алады.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, осы айдан бастап 160-тан астам ойын және спорт алаңы қайта жаңғыртылмақ. Мұндай ауқымды аулаішілік құрылыс Таразда соңғы 5 жыл көлемінде болған емес.

Мұрат Кәрібаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Біздің бөлімге түскен 200 аула балалар алаңына өтініш берген. Соның 163-і кезекпен істелінетін болады. Қазіргі таңда мердігерлері анықталып, жұмыстар жүргізіліп жатыр. 10-шы шағына аудан бойынша мердігер анықталып, ол жерде балалар алаңдары мен Workout кешені болады. Ішінде автотұрақ, асфальт жасалады.

Заманауи спорттық және ойын құралдарымен жабдықталған оған қоса футбол алаңы бар кешен 2-ші шағын ауданда пайда болды. Өрендер игілігіне мұндай тарту демеушілер тарапынан жасалған. Ал, басқа аумақ тұрғындары «жергілікті әкімдік ескі алаңқайларды жөндеп, жамап-жасқап берсе, соған риза болар едік», дейді.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейлхан, Руслан Ахатилла

Хабар 24 телеарнасы