426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Орал «Зенит» зауыты» кезекті су көлігін жасап бітірді

  • 357
  • UPD: 15:06, 15.05.2020

Енді ол Каспий теңізіндегі кемелер мен катерлерге қызмет көрсетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің тапсырысы бойынша құрастырылған жүзбелі айлақ санаулы күннен соң Жайық өзенін бойлай Атырауға жол тартпақ. Осы өңірдегі тілшіміз Ерденбек Жылқайдарұлы әңгімелейді.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

Отандық кеме жасау ісінің көшбасшысы саналатын «Зенит» зауытында бұған дейін түрлі үлгідегі 30 катер мен кеме құрастырылған екен. Ал бүгін оралдық инженерлер мүлде жаңа дүние жасап шығарды. Маневрлік базалық пункт немесе жүзбелі айлақ деуге де болатын шығар, Каспий теңізіндегі су көліктеріне қызмет көрсетуге арналған.

Маневрлік базалық пункттің су ығыстыру салмағы 400 тоннадан астам. 180 тоннадай жүк көтереді. Ұзындығы 52, ені 10 метр. Ішінде теңізшілердің демалуына бар жағдай жасалған. Жүзбелі айлаққа бір мезгілде 2 кеме мен 2 катер қатар келіп тоқтай  алады. Осы жерде олар жанармай құйып, электр көзінен қуат алып, қажетті ауыз су мен азық-түлік қорын толықтырады.

Виктор Подхватилин, «Зенит» зауыты директорының орынбасары:

- Жалпы мұндай пункттің қажеттілігі туралы көптен айтылып келді. Соны шекарашылармен ақылдаса отырып жасадық. Бұл маневрлік базалық пункт теңіз жағалауына жақын жерде тұрады. Артында аппарелі бар. Сол арқылы автокөліктер палубаға шығып, қажетті жанармай, ауыз суды құйып кетіп тұрады. Соны кеме, катерлер алады.

Еліміздің теңіз шекарасын күзетуші кеме-катерлер негізінен Атырау, Ақтау, Баутино айлақтарында дамылдайды. Ал, оңтүстікке қарай су көліктерінің тоқтайтын орны жоқ. Екі ортадағы қашықтық – 200 миль. Шұғыл жету керек болғанда шекарашылар уақыттан ұтылады. Жаңа жүзбелі айлақ осы олқылықтың орнын толтырмақшы.

Сабыр Хасанов, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің жағалау күзеті басқармасының бастығы:

- Екі ортада жүрмес үшін құрыққа қойсақ. Баутинмен екі ортада 10 сағат жүреді. Сол жерге орналастырғасын бізге көп уақыт шешеді. Қызмет кезінде әртүрлі жағдай болады. Шығу керек болады. Аса шығу керек болады. Сол кезде мына маневрлік тұрақты пунктті пайдалана аламыз.

«Орал «Зенит» зауытында» бүгінде «Қайсар» үлгісіндегі екі жүрдек катер және «Айбар» кемесі құрастырылуда. Ал, келер жылы су ығыстыру салмағы 750 тонналық «Бұлан» үлгісіндегі алып кемені жасау басталмақ.

Ришат Асансейітов, «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Бүгінде жоба бар. Қорғаныс министрлігіне көп функционалді кеме 700 тонналық. Қазір сметалық құжаттары дайын, келісімнен өтуде. Ол кеме  көп қырлы, кең спектрда қызмет көрсетеді. Өрт сөндіруден бастап жөндеу тағы басқа бағыттарда. «Зенит» зауыты жыл сайын тапсырыс берушілердің сұранысына сәйкес өнім шығаруда.

Қазақтың бас ақыны, дана Абайдың есімі берілген су жаңа су көлігі бастапқы сынақтардан өткен соң Жайықты бойлай Каспий теңізіне сүйреп жеткізілмекші. Одан соң шекара күзетіне кіріспек.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы