425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда полиция қызметкерлері қайырымдылық жасады

  • 423
  • UPD: 17:30, 15.05.2020

Олар қаладағы аз қамтылған отбасыларға барып, азық-түліке таратты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Одан бөлек, жетімдер үйіне де көмек көрсетті. Жергілікті полиция қызметіне қарайтын патрульдік батальонның жеке құрамы жыл сайын мереке қарсаңында өзара қаржы жинап, азық-түлік алады. Жүк көлігімен базардан әкелген тағамдарды картон қораптарға бөліп салған соң үй-үйді аралап таратуға кіріседі. Әдетте мұндай жұмысты кезекшіліктен босаған полицейлер атқарады.

Жадыра есімді қала тұрғыны жеті баласын бағып үйде отыр. «Алтын алқа» иегері іс тігіп, жасаған затын әлеуметтік желі арқылы саудаға шығарып келеді. Анасынан үйренген тоқыма өнеріне енді қыздарын баулып жүр. Жолдасы жұмыста болған сәтте бірнеше бұйымды әзірлеп қояды екен. Карантин уақытында үйде отырған көп балалы отбасы мерекелік күнде азық-түлік көтеріп кірген меймандарын қуанышпен қарсы алды.

Жадыра Әбілова, қала тұрғыны:

– Шахмат-шашкі, домина, тоқыманы үйретемін үйде қарап отырғасын. Қазір балаларыммен онлайн сабақ оқып жатырмыз. Енді заман талабы солай. Қазіргі кезде тамақ та қымбаттап кетті. Тоғыз адам тұрамыз осы отбасыда. Полиция департаментіне рақметімді айтамын. Отбасы күніне әрі карантин кезінде көңіл бөліп, тамақ әкеліп жатыр. Көп-көп рақмет.

Осылайша жаһандық отбасы күні ақтаулық полицейлер отызға жуық аз қамтылған шаңыраққа қол ұшын созды. Кембағал балалар тұрып жатқан әлеуметтік орталық тәрбиеленушілерін де қайырымды азаматтар ұмытқан жоқ. Бұған дейін оқу құралдары мен мүгедек арбасын жеткізіп берген екен. Бұл жолды мүмкіндігі шектелуі жеткіншекке өз бетімен жүруіне мүмкіндік беретін жүріс арбасын сыйлап қуантты.

Қыдыржан Балиев, ПД ЖПҚ патрульдік полиция ротасы командирінің орынбасары:

– Жаңа мұқтаж отбасылардың мекенжайларына кіріп шықтық. Өзіміз әркез ұжымда жиналып, шешім қабылдап осындай акцияларға атсалысып, қатысып тұрамыз. Аз қамтылған көп балалы отбасыларға, мүгедек балаларға мүмкіндігімізше көмек беріп тигізіп жатырмыз. Карантин уақытында табыс көзіне айырылған отбасыларға бірінші қажетті азық-түлікпен қамтамасыз еттік.

Кәсіби міндетіне адал құқыққорғаушылардың мереке күндерді өз отбасымен қарсы алудың сәті түсе бермейді. Есесіне, қызмет уақыты арасында сауапты іске жұмылып, көмекке зәру тұрғындарға материалдық көмек беріп жүр. Айта кетейік, жергілікті полиция органдарында жиырмадан астам ерлі-зайыпты қызмет етеді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы