430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өскемендегі автокөлік құрастыру зауыты жабылуы мүмкін

  • 456
  • UPD: 22:00, 15.05.2020

Қазақстан автоөндірісінің 40 процентін қамтып отырған Өскемендегі көлік зауыты жұмысын тоқтатуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы кәсіпорын өкілдері ресми мәлімдеді. Олардың айтуынша, осыған дейін зауытқа Үкімет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп келген. Енді сол жеңілдіктер тыйылады.

Өскеменде жылына 120 мың автокөлік шығаратын толық циклді зауыттың салынып жатқанына 7 жыл болып қалды. Алайда әлі де аяқталар түрі жоқ. Дәл осы келеңсіздік бүкіл автохолдингтің болашағына кедергі келтіретін түрі бар. Негізі толық циклді кешеннің бастапқы цехтары осыдан 3 жыл бұрын қолданысқа берілуі керек еді. Сол үшін автозауытқа мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілген. Мәселен, бірнеше жыл қатарынан кәсіпорын қосымша құн салығынан, утилизациялық алым сынды шығындардан босатылды. Алайда үкіметтің осындай демеуіне қарамастан жұмыс өнбеген.

Ержан Иманслям, ҚР ИИДМ индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті машина жасау басқармасының басшысы:

– Өнеркәсіптік құрастыру бойынша келісімшарттар сол құжатта көрсетілген міндетті орындауға негізделеді. Оның өндіріс қарқынын тежеуге қатысы жоқ. Бүгінде дәл осы бағытта бізбен ешқандай келісімшартқа отырмай-ақ яғни мемлекеттің ешбір қолдауынсыз өз бетінше жұмыстарын ойдағыдай жүргізіп жатқан кәсіпорындар бар.

Қысқасы, министрліктің айтуынша, зауыт өзінің құжатта көрсетілген міндеттерін орындай алмаған, десе де жеңілдіктерді қолданып келген. Ал кәсіпорын басшылығы жаңа зауыт құрылысын жеделдетуге тырыстық дейді. Сол үшін 70 миллион теңге қаражат бөлінген. 2012 жылы автохолдинг тағы да салық жеңілдіктеріне ие болды. Дегенмен құрылыс мерзімі 2019 жылға дейін шегерілген. Әрі қарай мүлдем тығырыққа тірелген.

Ержан Мандиев, автохолдингтің бас директоры:

– Бұл кездері тұтынушылар тарапынан сұраныс тым азайып кететінін ешкім болжаған жоқ. Ол көлік нарығына үлкен әсер етті. 2013 жылдан бері нарық 4 есе қысқарса, тек өткен жылы ғана 45 процентті қамтып, біраз көтерілді.

Жағдай ушыққан үстіне ушығады. Оған көлік нарығындағы сұраныстың түсуі, шет елдік көліктердің елге ағылуы сынды факторлар ықпал етті дейді зауыт өкілдері. Ал биыл әлемдік пандемия етектен тартқан. Сөйтіп сәуірде 318 438 отандық жаңа көлік тіркеуге алыныпты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 процентке кем. Дегенмен мемлекет автозауытты үнемі қолдап келді. Оған мысал, 5 жылға арналған жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының жасалуы. Ол үшін 100 миллиард теңге қарастырылған. Биыл жыл басынан бері оның игілігін 6 мыңға жуық адам көріп, сәйкесінше, автозауыттар мен диллерлерге 169 миллард теңге пайда түскен. Ал сарапшылар Өскемендегі зауыттың жабылуы әлеуметтік мәселеге ұласуы мүмкін дейді. Өйткені ол салада 5 мыңнан астам кәсіби маман жұмыс істейді.

Олег Алфёров, сарапшы:

– Біз айтып отырған келісімшартттың жойылу-жойылмауының маңызы зор. Өйткені қаншама мыңдаған адамның, кәсіби мамандардың жұмысы осыған байланысты. Болашақта бұл кәсіпорын тіпті 12 мың адамды жұмыспен қамти алатын қауқарға ие болар еді.

Қазақстандық автокөлік бөлшектерінің тек 33 проценті ғана отандық, кейбірінде 50 процентке әрең  жетеді. Сондықтан темір тұлпар құны доллар бағамына тәуелді. Бірақ бұл еліміздегі автоөндіріс болашағынан үміт жоқ дегенді білдірмейді, тек оны жаңғрыту керек дейді сарапшылар. Ал салалық министрлік болса, автоконвейер жұмысы тоқтамайды деп сендірді. Яғни оған салық жеңілдіктері қайтарылады тек алдыңғы міндеттемелер орындалуы тиіс.

Ержан Иманслям, ҚР ИИДМ индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті машина жасау басқармасының басшысы:

– Олар алдарына қойған міндеттерін орындап шығулары керек. Егер барлығы ойдағыдай атқарылып белгіленген межеден шықса, жаңадан келісімшарттар жасауға болады.

Түйіндесек,отандық автоөндірістің дамуына негіз бар. Бес жылды қамтитын «машина жасауды дамыту бағдарламасының» қабылдануы осыған дәлел. Бұл құжатта отандық көліктердің халыққа қол жетімді болуына басымдылық берілген.

Авторлары: Эльмира Ахметова,  Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы