411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бүгін халықаралық отбасы күні

  • 89
  • UPD: 23:18, 15.05.2020

Бүгін халықаралық отбасы күні, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атаулы күнді БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1993 жылы бекіткен. Бұл күні жанұя институтының өзекті мәселесін зерделеуге мән беріледі. Биыл тұтас үй ішімен карантинде отырғандар отбасы құндылығын ерекше сезінгендей. Солардың бірі көпұлтты Жгуновтар әулеті.

Туған жер туралы ән шырқап тұрған өнерлі балдырғандар:  Ислам, Илана, Имран. Тегі - беларус, тілі - қазақ, ділі қазақстандық. Тәртіп сақшысы Николай Жгунның балалары үй карантинінде болса да, іштері пысып, зеріккен емес. Инсараны құшағына қысқан әжелеріне көмектесіп, ара-тұра ән кешін ұйымдастырады. Жұмыстан үйге келген әкелері балапандарын құшырлана иіскесе болды – шаршағаны басылады.  Илана қызы өлең оқыса, бар уайымы ұмытылады.

Николай  жұбайы Жаннамен Қорғалжын ауданындағы бір мектепте оқыған. Кейін Жанна қалаға көшіп, Николай ауылда қалып қояды. Тағдырдың жазумен екеуінің өмір жолы жұмыс бабымен қайта түйіседі.

Николай Жгун, полиция қызметкері:

– У нас семья интернациональная, я сам вырос среди казахов, казахский начал учить.

Осылай орысша сөйлеп бастағанымен, Николай ойын қазақша жалғастырды. Қазақстанда өніп ескеннің айқын белгісі осы болса керек. Жұбайы полиция майоры, төрт балдырғанның анасы Жанна да көпұлтты отбасыдан шыққанын айтады. 

Жанна Садымова, полиция қызметкері:

– Негізі біздің отбасымызда әртүрлі ұлт бар. Нағашы әжем татар, Орынбордан келген. Қазір ол 90-нан асты енді. Николайдың өзінде отбасында несмістер бар, белорустар бар, орыстар бар. Бізде дүнгендер бар, қазақтар бар. Сол бізде нағашы жұрт әр ұлтқа үйленіпті. Мен енді ең үлкен немересі болған соң, маған рұқсатын берген.

Жаман ұлт жоқ, жаман адам бар. Ұл-қыздарына Жанна осыны үнемі құлағына құйып отырады. Балаларымның бауырмал болып өскенін қалаймын дейді ол. Бірлігі жарасқан көпұлтты мемлекеттің бір кірпіші ретінде қаланып, өз орнын табуы үшін бұл аса маңызды. Отбасындағы осы бір адами құндылықты бойына сіңірген бала Отанына да адал болмақ.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Аят Елшін

Хабар 24 телеарнасы