423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нұр-Сұлтанда алдағы аптада бірқатар нысан іске қосылады

  • 380
  • UPD: 22:44, 15.05.2020

Елордада тағы бірнеше мекеме жұмысы жанданады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нақтыласақ, 18 мамырдан бастап қалада мектепке дейінгі барлық білім беру мекемесі жұмысын бастайды. Бірақ әуелгі кезекте кезекші топтары ғана бала қабылдайды.

18 мамырдан бастап мектепке дейінгі ұйымдар кезекші топ режимінде жұмыс істейді. Алайда бір топта бала саны 15-тен аспауы тиіс. Егер балабақшаға белгілі бір себептермен келмеген жағдайда оның орны сақталады. Ал 1 маусымнан бастап барлық мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмысын қайта бастау жоспарлануда.

Шолпан Қадырова, білім басқармасының басшысы:

– Балаларды қабылдау қатаң түрде учаскелік педиатрдың баланың денсаулық жағдайы туралы берген анықтамасы болған жағдайда жүзеге асырылады. Сондай-ақ арнайы ұйымдар, білім беру орталықтары, үйірмелер, балаларға арналған түзету кабинеттері 18 мамырдан бастап жұмысын бастайды.

Сонымен қатар, бизнес-орталықтар, яки сақтандыру компаниялары, адвокат, нотариус, жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттіктер мен құрылыс дүкендері, оптика, полиграфиялық қызмет көрсететін нысандар және басқа да объектілердің қызметі жаңартылады.

Жанна Прәлиева, қаланың бас санитар дәрігері:

– 18 мамырдан бастап қоғамдық тамақтану орындары яғни 50 орындық жаздық кафелер мен мейрамханалар жұмыс істейді. Бірақ ойын-сауық орындары, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар,кинотеатрлар,театр,фитнес залдар, моншалар және сауналар жабық қалады. Шектеу шаралары қаланың эпидемиялогиялық жағдайына байланысты алынады.

Ал ауданы 2 мың шаршы метрге дейінгі азық-түлік емес дүкендер мен ғимараттан тыс орналасқан базарлар да өз жұмысын бастайды. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ұйымдардағы асханалар енді таңғы сағат 8-ден кешкі 7-ге дейін барлық санитарлық сақтық шараларын сақтай отырып жұмыс істейді.

Ақмарал Олжабаева, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

 – 18 мамырдан бастап сауда-ойын-сауық орталықтары ашылмайды, бұл мәселе шектеулерді алып тастаудың келесі кезеңінде қаралатын болады. Әзірге кинотеатрлардың жұмысына, сондай-ақ кез келген бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады.

Айта кететін жайт,  мамыр айының алғашқы аптасында коронавирустың өсімі 4,9%, ал екінші аптада 3,9% болды. Бұл вирустың таралуы төмендегін білдіреді. Карантинді алып тастау кезеңдері қалада коронавирусты жұқтырғандар азаматтардың азаюына байланысты әр жеті күн сайын белгілеп отырады.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Ержан Рахманбердиев

 

Хабар 24 телеарнасы